ЭКСПО-2017 қарсаңында азаматтардың уақытша тіркелуіне тексеру жүргізілмейді - Астана ІІД

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ЭКСПО-2017 қарсаңында елордада азаматтардың уақытша тіркелуіне тексеру жүргізілмейді. Бұл туралы бүгін Астана қалалық ІІД Көші-қон полициясы басқармасының бастығы Гүлвира Дөненбаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қала қауіпсіздігі бойынша шаралар жүргізілетін болады. Барлық жеке құрам жұмылдырылады. Наркологиялық диспансер сынды мекемелерде есепте тұрғандар тексеріледі. Бірақ, бұл заңға мойынсұнған азаматтар зардап шегеді деген сөз емес. Сондықтан бұл тексерудің қажеті де жоқ. Қауіпсіздік бойынша барлық қажетті шаралар қабылдануда. Сол себепті меніңше бұл мәселе көтерілмек емес. Қалай дегенде де 2017 жылға мұндай жоспар жоқ», - деді ол БАҚ өкілдерінің халықаралық көрме қарсаңында елорда тұрғындарының уақытша тіркелуін жаппай тексеру бола ма деген сауалына орай.

Еске сала кетейік, Алматы облысының оңтүстік өңірлеріндегі бес ауданда «Құқықтық тәртіп» шарасы басталған болатын. Оның мақсаты - 28-і Қысқы Универсиада қарсаңында жедел жағдайдың тұрақтығын қамтамасыз ету. Полиция қызметкерлерінің алдын алу шарасы Универсиадаға дейінгі 6-25 қаңтар аралығында өтеді. Негізгі мәселе қоғамдық қауіпсіздікке, есірткі мен қару-жарақтың заңсыз айналымына, көші-қон заңнамасының бұзушылықтарын болдырмауға, қылмыскерлер мен із-түзсіз жоғалғандарды іздестіруге баса назар аударуда болып отыр.

Соңғы жаңалықтар