ЭКСПО-2017 «Ғарыш» сыйлығының жеңімпазы анықталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Африканың оңтүстігінде орналасқан Лесото Корольдігінің ұлттық университеті ЭКСПО-2017 көрмесі аясындағы «Ғарыш» сыйлығын жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ғарыш» сыйлығы - жапондық ЭКСПО-90 халықаралық қоры мен Халықаралық көрмелер бюросының әлеуметтік жобасы болып саналады. ЭКСПО-ның тұтас тарихында бесінші рет табысталған бұл сыйлық «Болашақтың энергиясы» саласындағы үздік инновациялық жобаны анықтауға бағытталған.

Осылайша, әлемнің түпкір-түпкірінен келіп түскен өтінімдер арасында Лесото студенттерінің күн қуатын жинайтын жобасы үздік деп танылды. ЭКСПО-да өткен үздік қатысушыларды марапаттау рәсімінде Халықаралық көрмелер бюросы бас директорының орынбасары Дмитрий Керкензес ЭКСПО-2017 Лесото комиссарына «Ғарыш» сыйлығы мен 20 мың еуро ақшалай сыйлық сертификатын табыс етті.

Лесото ұлттық университеті - ауылдық жерлерге арналған жаңартылатын энергия технологиясын дамытып келе жатқан академиялық-зерттеу институты. Ондағы студенттер ойлап тапқан күн энергиясын жинайтын арзан құрылғы ауылдық жерлерде ас дайындап, үй жылытуға мүмкіндік береді. Әділқазылар жасыл технологияларды дамыту арқылы аз қамтылған отбасылардың тұрмысын жақсартуға және қоршаған ортаны қорғауға септігін тигізеді деп есептейді.

Еске сала кетсек, бүгін Халықаралық көрмелер бюросы ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге атсалысқан тұлғалармен ұйымдарды және үздік павильондарды марапаттады.

Онда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО-2017көрмесін жоғары деңгейде өткізуге тікелей атсалысқаны үшін Халықаралық көрмелер бюросының алтын медалімен марапатталды.

ЭКСПО-2017 көрмесін табысты өткізуде аянбай еңбек еткен «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ ұжымы, Астана қаласының әкімдігі және еріктілер түрлі марапатқа ие болды. Көрменің тақырыбын аша білген және үздік дизайнымен ерекшеленген Германия, Швейцария, ҚХР, Сингапур және Мажарстан және өзге де мемлекеттердің павильондары алтын, күміс және қола жүлделерді иеленді.

Соңғы жаңалықтар