Экспедиция: Ұлытау - екі мәдениеттің тоғысқан ортасы

None
None
ҰЛЫТАУ. ҚазАқпарат-Астанадан Ұлытауға жолға шыққан экспедициялық топқа ғалымдар мен зерттеушілер Ұлытаудағы тарихи кешендер туралы айтып берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Домбауыл ескерткішінің де тұғыры сегіз бұрышты болып отыр. Заман өте келе қирап, қайта қалпына келтіру кезінде төрт бұрышты болып қайта қаланған. Бұл кешен түрік дәуірінің соңғы кезеңіне жатады. Ал, енді  Жошы хан мазарының Домбауыл кесенесінен ерекшелігі, осы Ұлы Даладағы исламдық алғашқы ескерткіш болып есептеледі. Және мұсылмандық ғұрыппен салынған бүкіл Орта Азиядағы кесенелердің атасы болып табылады. Жошының немересі Берке хан Ұлы Далаға ресми дін ретінде ислам дінін алып келген. Сондықтан, біздің пайымдауымызша Жошы  хан кесенесі Беркеден кейін салынғанға ұқсайды. Жошы хан менің ұрпағымның тәрбиесін мұсылмандарға қалдырамын деген. Демек, бұл Ұлытау - екі мәдениеттің тоғысқан ортасы, - дейді экспедиция басшысы Дархан Қыдырәлі.

Моңғолия ұлттық музейі директоры орынбасары, экспедиция мүшесі Жамсранжав Баярсайхан  болса, Домбауыл ескерткішін Х ғасырдағы қидан ескерткішіне ұқсатады.

«Мұндай ғұрыптық кешендер тастан  қаланып салынған. Қидандар тасты ағашқа сұғып қалайтын болған. Мен Домбауыл кесенесінен де сол құрылыс үлгісін көріп таң қалдым. Ал, енді пішіні тұрғысынан Домбауыл кесенесі сияқты ескерткіштер Моңғолия жерінде жоқ. Бір қызығы - мен үшін бұл кесене, яғни Домбауыл кесенесі қазақтың киіз үйіне ұқсап тұрғандығы», - дейді ол.

Экспедиция мүшелері одан кейін табан тіреген тарихи орын ол - Алаша хан кесенесі болды.

Атақты Әлкей Марғұлан бастаған ғалымдарымыз айтқандай,  Алаша хан - ол Шыңғыс ханға қойылған символикалық бейіт делінеді.

Алаша хан мазары жайлы халықаралық Түркі академиясының ғылыми қызметкері Нәпіл Базылхан кеңінен тоқталды.

«Бұл Алаша хан мазары - күмбезі ерекше құрылыс үлгісі болып табылады. Халықтың аңызы бойынша, Шыңғыс ханға арналған деп есептеледі және қадір тұтады. Қазақта да Алаш Алаш болғанда, ағаш үйлі қазақ болғанда деген сөз бар. Сол Алаштың түпкі тамыры да осы Алаша хан болуы керек. Ал, кейбір ғалымдардың зерттеуі бойынша Жәнібек немесе Керей ханның мазары делінеді. Үшінші болжам бойынша,  сегіз қырлы көне түріктерге тиесілі киіз үйлі космос моделі. Моңғолдардан жеткен ескі сөз бойынша да «Керегелі үйіңнен тас үйіңе көштің» деп қайтыс болған адамға салынған осындай кесенелерді тас үйге теңеген. Алаша ханның порталындағы көп жазулар қирап бүлінген. Әлі де археологиялық тұрғыдан көп зерттеуді қажет етеді» , - дейді ғалым.

Экспедиция мүшелері қасиетті орындары аралап болғаннан кейін Ұлытау ауданына жолға шықты. Аудан орталығында қонақтар этноауылға түсіп, Ұлытаудың жергілікті халқымен кездесті. Жиында экспедиция жұмысы баяндалды. Онда біршама ғалымдар баяндама жасап, жергілікті халықтың қонақжайлығына ризашылықтарын білдірді.

«Біз бір ай бойы тарих соқпағына түсіп, ғылыми жұмысымызды жаңа сатыға жеткіздік. Моңғолдың ұлы Даласында 700-ге тарта тарихи ескерткіштер бар. Бұл әлем мәдениетінің ортақ мұрасы. Ол Орта Азияның  да тарихи негізі болып саналады. Біз бұл экспедиция барысында Моңғолияның Шығыс атырабында болдық. Міне, сол ізбен Ұлытауға келіп тұрмыз. Біз осындай қадым замандардағы ұлы мәдениеттерді зерттей келе жаңа заман мен ежелгі тарих арасына алтын көпір болсақ дейміз. Бұрын жалған ақпараттар етек алып тұрды, ал қазір нақты ғылымды жаңа ұрпаққа бүлдірмей ұсынуымызға болады. Академияның ауқымды жұмыстары әлі алда», - деді экспедиция  мүшесі Жамсранжав Баярсайхан мырза.

Сондай-ақ экспедиция сапарында сондай-ақ, академик Қаныш Сәтбаевтың ескерткішіне гүл шоғын қойды.

Ұлытау - Дешті Қыпшақтың орталығы дейтін болсақ, онда ол Жошы ұлысының ортасынан кейін, ол жерде Едіге би жатыр. Атақты Әмір Темірдің ізі қалған Алтыншоқы да осы мекендерге тиесілі болып  келеді. Сол қасиетті орындарды аралау арқылы тағылымды сапар өзінің Ұлытау төріндегі тарихи ізін қалдырмақ.

Бүгінде, экспедиция құрамын беделді халықаралық, республикалық ақпарат құралдарының өкілдері толықтырған. Және де білікті ғалымдар,  философ, жазушы қаламгер азаматтар, сонымен қатар, Ассамблеяның, Парламенттің өкілдері де Ұлытау топырағына алғаш рет осы сапарда табан тіреді.

Келесі жылы бұл экспедиция Алтын Орда ізімен Батысқа бет түзеуді жоспарлайды.

Еске сала кетсек, Түркі академиясы 2017 жылдың 15 тамызынан 17 қыркүйегіне дейін Моңғолия және Қазақстан аумағынан өтетін «Кентайдан Ұлытауға дейін: тарихи жадының жаңғыруы» атты кезекті ІІІ халықаралық экспедициясын ұйымдастырған болатын. Моңғолиядағы Кентай аймағынан бастау алған экспедиция 15-16 қыркүйек күндері Қазақстандағы тарих тұнған өңірлердің бірі, Ұлытаудағы Алаша хан мен Жошы хан кесенелерінің басында қорытындыланады.

Соңғы жаңалықтар