Экскаватор мен 40 тонналық контейнерді ұрлап әкеткен ақмолалық ұсталды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Целиноград ауданында экскаватор мен жүк контейнерін ұрлаған күдікі ұсталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Полицейлердің мәліметі бойынша, 2016 жылдың 4 маусымында Қосшы ауылындағы кәсіпорындардың бірінің директоры, 36 жастағы келіншек полицияға арызданған. Зардап шегушінің сөзіне қарағанда, оның жалға алған экскаваторын белгісіз біреу түнде құрылыс алаңынан айдап әкеткен. Келтірілген шығын көлемі 12 миллион теңгені құраған.Ұры жақында полицейлердің қолына түсті.

«Осы кәсіпорында күзетші болып жұмыс істеген 31 жастағы жергілікті тұрғын анықталып, қолға түсті. Күдікті ұрланған техниканы сатып үлгермеген. Тергеу шаралары аяқталған соң техника иесіне қайтарылатын болады.

Тергеу кезінде күдіктінің сондай-ақ, жаңадан салынып жатқан нысанның аумағынан 40 тонналық контейнерді эвакуатордың көмегімен «КамАЗ» жүк көлігіне тиеп, тайып тұрғаны да әшкереленді. Күдіктінің бұл қылмысты аталған кәсіпорынның күзетшісімен алдын ала келісіп жасағаны және ұрланған контейнерді үшінші адамға  200 мың теңгеге сатып жібергені анықталды.

Қазіргі кезде, күдікті уақытша ұстау абақтысына қамалып, үстінен ҚР ҚК-нің 188-бабы 4-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды», - деп көрсетілген хабарламада. 

Соңғы жаңалықтар