Экономикалық қылмысты тергеу барысында кәсіпкерді қамауға алмау ұсынылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов бизнесті қорғауға негізделген норманы түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Экономикалық қылмыс тергеліп жатса, тергеу кезінде ешкімді қамамауды ұсынамыз. Бұл енді бизнес жасап жүрген адамдар ғой. Олардың қоғамға деген, жеке адамға деген қаупі жоқ. Олар қайта бос жүрсе, өзінің бизнесін жалғастырып, адамдарға жұмыс орындарын сақтап қалады. Бірақ бұл жерде де бір ерекше жағдай бар, яғни ол жалған ақша жасау, рейдерлік жасау немесе ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысса, бұл тұрғыда экономикалық қылмыстарды бизнес деп айту қиын. Сондықтан оларды қамауға алу қажет деп есептейміз», - деп атап өтті Бас прокурор Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша баяндамасында.

Сонымен қатар Ж. Асанов ескеріліп отырған тағы бір жаңалыққа тоқталды.

«Мысалы, бүгінде құқық қорғау органы қызметкерінің рапорты негізінде қылмыстық іс басталып кетеді. Яғни, бір жапырақ қағаз негізінде қылмыстық процесс басталады. Әрине, бұл дұрыс емес. Енді бұл заң жобасына тиісті түзету енгіздік, ондай қылмысты қозғау үшін ең алдымен, аудиттің, ревизияның ресми актісі керек және ол актіде келтірілген залал мен оның мөлшері Қылмыстық кодекске сай болуы тиіс»,- деді ол.

Талқылаудан кейін палата депутаттары заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Естеріңізге сала кетейік, биыл қазан айында Мемлекет басшысы Конституцияның 61-бабының 1-тармағына сәйкес Парламент Мәжілісінің қарауына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»заң жобасын енгізді.

 

Соңғы жаңалықтар