Экономика өсімі, Салық кодексі және отбасындағы Жаңа жыл - Тимур Сүлейменов немен мақтана алады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов ҚазАқпарат тілшісіне берген эксклюзивті видеосұхбатында өтіп бара жатқан жылды қорытындылап, 2018 жылы бизнесмендерге қандай салықтық жеңілдіктер берілетіндігін, ауыл әкімдеріне жеке бюджеттің не үшін қажеттігін, үшжылдық бюджетте мұнай бағасы неліктен 45 доллармен бекігендігін, сонымен қатар азық-түлік бағасы өсімін қалай тоқтату керектігін тарқата айтып берді.

- Тимур Мұратұлы, осыдан тура 1 жыл бұрын сіз лауазымды қызметіңізге кірістіңіз? Осы уақыт аралығында қандай нәтижеге қол жеткізе алдыңыз?

- 11 айдың қорытындысында Қазақстан экономикасының өсімі 11 пайызды құрады. Ал желтоқсанның қорытындысында бұл өсім 4 пайызды құрайды деп болжауға барлық негіз бар. Яғни, экономикамыз 2015-2016 жылдардағы белгілі бір өсім қарқыны баяулағаннан кейінгі кезеңнен соң тұрақты өсімге бет алды. Бұл - экономика тұрғысынан алып қарағандағы басты жетістік.

Бұған қоса, макроэкономикалық тұрақтылықты да сақтай алдық. Теңгенің ортажылдық бағамы 2015 жылмен салыстырғанда 5 пайыздан астамға азайды. Бізде инфляция деңгейі де төмен. Егер 2015 жылы инфляция 14,7, ал 2016 жылы 8,5 пайыз болса, ағымдағы жылды 7 пайыздан сәл жоғары деңгейде аяқтаймыз. Яғни, 6-8 пайыздық дәліздің дәл ортасында болмақ. Инфляцияның төмен деңгейі - бұл экономика мен халық табысының шынайы өсімі. Инвестиция да жақсы өсті. 11 айдың қорытындысында негізгі капиталға салынған инвестиция 2016 жылмен салыстырғанда 5 пайыздан астамға артты. Бұл -  екі есе өсім. Бұл цифр бизнестің жалпы сенімділігін, Қазақстан экономикасының тұрақты екендігін және оған ақша салу қажеттігін көрсетеді.

Жұмыссыздық 4,9 пайызды құрады. Мұндай төмен көрсеткішпен мақтана аларлық елдердің қарасы аз. Бұған қоса, есептеу барысында қолданылатын әдістеме кеңестік емес, тұрпайы әдіс емес. Бұл әдістеме Дүниежүзілік банкпен, Халықаралық валюта қоры, БҰҰ және бізге тәуелсіз рейтинг беретін рейтингтік агенттіктермен бірге әзірленген. Статистикалық әдістемеге қатысты бізде еш уақытта қандай да бір мәселе туындаған емес.

- Өзіңіз басқаратын ведомство үшін өтіп бара жатқан жылдың ішінде барынша маңызды болған қандай 5 оқиғаны атар едіңіз?

- Салық кодексінің қабылдануы ең маңызды оқиға болды. Бұл қолданыстағы кодекске түзетулер блогы емес. Бұл түбегейлі жаңа құжат. Жекелеген жұмыс тобы сарапшылар, блогерлер, мемлекеттік органдардың өкілдері ең басты бизнесті, яғни мүдделі барлық тараптарды тарту арқылы аталған құжатпен күні-түні жұмыс істеді. Салық кодексі сынды деңгейдегі құжат сирек қабылданады. Біздің Тәуелсіздігіміздің бүкіл тарихындағы бұл Салық кодексінің үшінші редакциясы. Әрине сондықтан да тәсіл барынша салмақтанған әрі салыстыра тексерілген болды. Тиімсіз жеңілдіктерді алып тастамас бұрын одан тиімділік болды ма, болмады ма соны қарадық. Жаңа жеңілдіктер бермес бұрын бюджеттің не жоғалтатындығын немесе алатындығын есептедік. Қорытындысында, біздің көзқарасымызша, бюджет мүддесін қамтамасыз ететін жақсы, тегерімделген құжат шықты.

Екіншісі - бұл 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспардың әзірленуі. Бұл -біздің өміріміздің барлық саласына қатысы бар өте үлкен кешенді құжат. Яғни, ол таяу 8 жылға арналған дамудың белгілі бір векторы мен фокусына қатысты. Таяу уақытта Мемлекет басшысы оны мақұлдап, 2018 жылдан бастап тікелей жүзеге асыруға кірісеміз деп сенемін.

Біздің ведомство үшін, жалпы толықтай алғанда еліміз  үшін маңызды тағы бір құжат - бұл 26 желтоқсанда Президент қол қойған Кеден кодексі. Ол Еуразиялық кодекске  (ЕАЭО Кеден кодексі) негізделгенімен бизнеспен және өзге де әріптестерімізбен көптеген норма енгіздік. Олар кедендік реттеу және әкімшілеу бизнеске жеңіл болу үшін жасалды. Жаңа Кеден кодексі біздің экономикалық шекарамыздың жұмыс істеуін сенімді қамтамасыз етеді.

Біз әзірлеген төртінші құжат жергілікті өзін өзі басқаруды одан ары дамытуға қатысты. 2018 жылдан бастап Қазақстанның тұрғыны 2 мыңнан асатын бірқатар ауылында бюджеттің төртінші деңгейі пайда болады. Жалпы, бізде республикалық, облыстық және аудандық бюджет бар. Бірақ, ауыл, ауылдық округ, қала деңгейінде ешқандай бюджет болған емес. Олар ауданнан смета бойынша қаржыландырылатын. Енді ауыл әкімдерінің кіріс көздері пайда болады және сол арқылы жергілікті бастамаларды қаржыландырып, қоршауларды сырлауға, қандай да бір кішігірім жөндеу жұмыстарын жүргізуге, мектепке немесе балабақша қажетті заттарды сатып алуға жағдайлары жетеді. Біз оларға салықтың жеті түрін, сонымен қатар белгілі бір айыппұлдарды салу мүмкіншілігін қалдырдық.

Біз ұлттық экспортық стратегияны да әзірледік. Бұған дейін инфрақұрылымға айтарлықтар қорымыздың есебінен қаржы салып келдік. Бірақ, енді мұны тұрақты негізде жасай алмайтындығымызды көріп отырмыз. Сондықтан да бізге қазіргі уақытта өзге драйвер іздеуге тура келеді. Ал ол экспорт болуы тиіс. Оны жүйелеу, дұрыс рәсімдеу және қайда, қалай және нені экспорттау қажеттігінің барлық құралдарын жинақтау үшін экспорттық стратегия  әзірленді.

- Салық кодексі еліміздегі бизнес жүргізуді жеңілдететіндігі белгілі. Дегенмен тау-кен металлургиялық сектор өкілдері салықтық жүктеме сол қалпында қалды деген пікірлерін білдірген болатын. бір салық алынып, келесі қосылған. Мұндай пікірлерге қалай қарайсыз?

- Бұл пікір емес, нағыз шындық. Біз тау-кен саласы үшін көмірге жоғары табыс салығын алып тастадық және салық жүктемесін толықтай экспортқа арналған ренталық салыққа ауыстырдық. Салықтың артық саны бізді айта қоярлықтай алаңдатып отырған жоқ. Бізге белгілі бір саладан фискалды алымдар деңгейін сақтау маңызды. Егер оған салықтардың ең аз санымен қол жеткізілетін болса, онда неге соны жасамасқа? Біз еш уақытта да тау-кен немесе мұнай саласы үшін салықтық жүктемені жеңілдетеміз деп айтқан емеспіз. Бұған қоса, тау-кеншілердің өздері бізге келіп, инвесторлар салық санының көптігінен қорқатындығын айтқан еді. Яғни, олар жүктемеден емес салықтардың әртүрлі санының көптігінен қорқады. Сондықтан салық жүктемесі сол деңгейде сақталады. Бірақ, салықтық міндеттемелерді орындау айтарлықтай жеңілдей түседі. 

- Сіздің ведомствоңыз үш жылдық бюджетте мұнай бағасын барреліне 45 доллар деп бекіткен болатын. Не үшін оны Қазақстан үшін барынша оңтайлы деп санайсыз?

- Біз әлеуметтік-экономикалық даму болжамдары мен бюджет параметрлерін ағымдағы жылдың тамыз-қыркүйек айларында қалыпастырдық. Сол кезде баға конъюнктурасы қазіргідей 65 доллар болған емес. Шамамен 50-52 доллар еді. Сондықтан да біздіңше, 45 доллар теңгерімделген, дұрыс консервативті баға. Әдетте мұнайды экспорттаушы елдер мұнай бағасын біршама төмен, ал импорттаушы елдер керісінше жоғары белгілейді. Қазақстан экспорттаушы ел болғандықтан макроэкономикалық, геосаяси талықсытпаларды ескере отырып, 45 доллар шегінде белгілеуді шештік. Дегенмен, бюджеттік заңнама аясында әлеуметтік-экономикалық даму болжамдары мен бюджетітк параметрлерді нақтылауға мүмкіндік бар. Егер мұнай бағасы 65 доллар болып ұзаққа тұрақтайтындығын байқасақ, онда бұл мәселеге қайта оралуға ешкім кедергі бола алмайды.

- Жаңа жыл келе жатыр. Осы ретте қазақстандықтарды азық-түлік бағасы алаңдатарлығы анық. Сіздің ойыңызша, монополияға қарсы қызметтің қадалағау қызметін күшейту қажет емес пе?

- Бір жағынан біз нарықтық экономика құрудамыз және онда бағаны мемлекеттік бақылауға орын жоқ. Екінші жағынан жергілікті тұрғын болғаннан кейін мен бағаның үнемі құбылып тұруы мүмкін екендігін жақсы түсінемін және кейде бұған кейістік те танытасың. Бірақ, оған кім ықпал етеді? Біздің бизнес. Шағын және орта бизнеспен айналысатын таныстарымыз, әріптестеріміз және достарымыз көп қой. Бағаны солар белгілейді. Ірі көтерме саудамен айналысатындармен монополияға қарсы қызмет жұмыс істейді. Алайда бөлшек сауданы нанның бағасын 120, ал ертең 150 теңгеге көтеруді бизнес шешеді. Сондықтан да, меніңше, бұл жерде тікелей мемлекеттік реттеу дұрыс болмас.

Мүмкін әкімдер жағдай күрт ушыққан кезде бизнеспен сөйлесіп, бір апта бойы бағаны көтеруге болмайтындығына кеңес беруі қажет шығар. Бірақ, мұның өзі де жүйелі сипатқа ие болмауы тиіс. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы міндеттерінің бірі - бұл желілермен, көтерме саудамен айналысатындармен жұмыс істеу. Егер «Атамекен» оларды шақырып алып, бағаны көтермейміз деп айтса, сол дұрысырақ болар. Мемлекетті оларға барып тоқпақтап, мәжбүрлеуге итермелеуден гөрі бизнестің ішінде қандай да бір корпоративтік әдеп, адал бәсекелестік ережесін әзірлеу қажет. Біз көмек бере аламыз. Мәселен, бизнес бағаны көтермеймін деді дейік. Онда біз оған субсидия беріп, электр энергиясының ставкасын төмендету сияқты көмек ұсына аламыз.

- Қазақстанның Ұлттық экономика министрі отбасының кірісі мен шығысын бөлумен кім айналысатындығы қызық болып отырғаны.

- Бізде барлық шығыс та, кіріс те түсінікті. Ол айдан айға өзгермейді десек те болады. Сондықтан да бізде айта қоярлықтай үлкен жоспарлау жоқ. Кейбіреулерін әйелім, енді бірін мен төлеймін. Барлық отбасында да дәл солай шығар.

- Соңғы сұрағым, отбасымен Жаңа  жылды қалай қарсы аласыз және келер жылға қандай жоспарлар түзіп отырсыз?

- Әдетте, біз Жаңа жылды жұбайым екеуіміз екі отбасымен, менің ата-анам және жұбайымның ата-анасымен қарсы аламыз. Өйткені, екеуіміз де бір қаладан, Павлодарданбыз. Әр уақытта да не біз Павлодарға барамыз не олар Астанаға келеді. Мәскеуде тұрғанымызда ата-аналарымыз бізге келетін, қарсы алатынбыз. Жаңа жылды ата-аналарымызсыз қарсы алған кез еш уақытта болған емес. Биыл да Павлодарға барамыз.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Соңғы жаңалықтар