Екіден асқан астаналық балалар жұмысқа орналасып, «жалақы» ала алады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -Астананың кішкентай тұрғындары өздерін сан түрлі салада сынап көріп, болашақ мамандықтарын таңдай алатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астана қаласы әкімдігінің мұрындық болуымен 19 тамыз күні (сағат 11:00-16:00 аралығында) «Арай» саябағында «Мамандықтар қаласы» атты халықаралық іс-шара өтеді.

«Төрт жыл бойы Украинада өткізіліп келген табысты жоба Астанаға келді. «Мамандықтар қаласында» 2-18 жас аралығындағы балалар құтқарушы, өрт сөндіруші, кинолог, дәрігер, банкир, диджей, актер, модель, аспаз секілді жүзден астам мамандықпен танысады және нағыз мамандардың жетекшілігімен шеберлік-сабақтарын алады.  Бұл - балалардың шығармашылық әлеуетін ашатын тамаша мүмкіндік. Астананың барлық кішкентай тұрғындарын қызықты жобаға қатысуға шақырамыз», - деді Астана қаласы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Рысгүл Қауғабаева әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, баспасөз мәслихатына жоба авторы Татьяна Люлька қатысты. Оның айтуынша, әр адам өз сүйікті ісімен айналысуы керек және «Мамандықтар қаласы» баланың өмірлік мамандығын адаспай табуға мүмкіндік бермек.

«Украинада ЖОО-ны аяқтаған адамдардың 52 пайызы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Бұл әрине қынжылтарлық жағдай. 2014 жылы ана ретінде, бизнесмен ретінде жай ғана қайырымдылық қорын емес, «Мамандықтар қаласы» атты әлеуметтік жоба аштым. Мұнда балаларға қоғамның моделін көрсеткім келді. Әрбір қоғамның ұстанатын өз заңы, өз ережесі болады. Сол себепті, біздің қалашықта балаларға куәлік беріледі, ересек өмірде куәліксіз жұмыс істеу мүмкін емес. Бұл куәлік еңбек кітапшасының да рөлін атқарады. Балалар жұмысқа орналасудың қағидаларын түсінуі керек. Еңбекақысыз да жұмыс болмайды, сондықтан әрбір жұмысы үшін балаларға жүз теңгеден «жалақы» төленеді. Жиналған шартты «теңгелерге» балалар қала аумағындағы дүкенінен тәттілер мен балмұздақтар сатып алады. Осылайша, балалар өзінің қай салаға бейім екенін бағамдай алады және еңбек етудің маңыздылығын түсінеді», - дейді Т.Люлька.

Айта кетейік, «Мамандықтар қаласына» кіру тегін. Оған 2-18 жас аралығындағы балалар қатыса алады.

Өткен жылы Украинаның 25 қаласында «Мамандықтар қаласы» жобасына 326 675 бала қатысқан.

Соңғы жаңалықтар