Екібастұзда «Золото России» бутигін тонағандар құрықталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Екібастұзда тәртіп сақшылары тал түсте «Maxi Mall» сауда үйіндегі «Золото России» бутигін тонап кеткендерді қолға түсірді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Еске сала кетейік, 24-27 жас аралығындағы белгісіз үш адам ашық түрде құны 800 мың теңгеден асатын алтын бұйымдарды қолды қылған. 

Екібастұз ішкі істер бөлімі қылмыстық іздеу бөлімшесінің бастығы Әсет Қайыржанов 24 наурыз күні 2017 жылы қаланың шағын аудандарының бірінде ұрылардың бірі ұсталғанын атап өтті. Ол 22 жаста, Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының тумасы. Сенбі күні Қарқаралының тәртіп сақшылары қылмыстық топтың тағы бір 27 жастағы мүшесін құрықтап, Екібастұзға жеткізген. Олардың екеуі де бұған дейін осындай қылмыс үшін сотты болған.

«Үшінші қарақшы Бұқар жырау ауданынан, - дейді Әсет Қайыржанов. - Қазіргі таңда ол Қарағандыда жасырынып отыр. Дегенмен оны қолға түсіру үшін арнайы шаралар жүргізілуде. Олардың берген жауаптарына сүйенсек, ұрланған дүние Павлодардағы ломбардтардың біріне тапсырылған. Иесіне қайтарылатын алтын бұйымдарды алу үшін бірінші тонаушы қарауылмен облыс орталығына жеткізілген. Тергеу амалдары жүргізілуде».

Полиция подполковнигінің айтуынша, күдіктілерді іздестіру барысында бақылау камералары тексерілген. Нәтижесінде тәртіп сақшылары тонаушылардың екібастұздықтармен қалай амандасып жатқанын көріп қалған. Кейін жігіт ұсталып, жауап алынған. Ол қылмыскерлермен дәмханада танысып, олардың   байланыс телефондарын алған.

Соңғы жаңалықтар