Екі баланың өлімі: Өрт сөндірушілер жабық тұрған есікті бұзып кірді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар қызметі екі баланың өлімімен аяқталған өрт оқиғасына қатысты түсініктеме берді. Өрт туралы ақпарат кеш берілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы Хромтау қаласында өрт болып, бес қабатты үйдің үшінші қабатында пәтер өртенді. Өрт сөндірушілер екі баланың мәйітін тауып, жедел ауруханаға жіберген. Бірақ оларды құтқарып қалу мүмкін болмады. Улы газға тұншыққан балалар мерт болды. 

«Өрт туралы хабар полициядан түсіп, екі өрт сөндіру көлігі жіберілді. Арада 4 минут өткенде өрт сөндірушілер жетіп, жұмыстарын жүргізді. Үшінші қабатқа көтерілген кезде түтін иісі қатты шығып жатты. Өрт сөндірушілер арнайы киіммен ішке кіріп, алдымен ас бөлмесін, кейін балалар бөлмесі мен қонақ бөлмеге өтті. Екі бала есікті кілттеп алған, әжетхана мен ваннадан кейінгі бөлмеде жатты. Ес-түзсіз жатқан балалар далаға шығарылғанымен, аман алып қалу мүмкін болмады», - деді Ақтөбе облыстық ТЖД бастығының орынбасары Ернұр Өтегенов.

Қазіргі кезде өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Талап бойынша тергеу жұмыстарын ішкі істер органдары жүргізеді. 

«Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенше барлық киімдерін киіп, дайын барды. Ол жерде пәтер ішіне кірген қызметкерлер құрал-жабдықсыз барған емес. Бәрі жедел, ереже бойынша жұмыс істеді», - деді Ернұр Өтегенов.

Еске салсақ, Хромтау ауданындағы пәтер ішінен шыққан өрт кезінде 4 және 9 жастағы екі бала қаза тапты. Екеуі екі отбасының балалары, бір-біріне бөле болып келеді.

Соңғы жаңалықтар