ЕАЭО-ның кедендік шекарасында ветеринарлық бақылау күшейтілмек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасында карантиндік және ветеринарлық бақылауды күшейтуді ұсынды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Кедендік бекеттерде бақылауды күшейту қажеттігін Парламент Мәжілісінде «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырған ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғанов көтерді.

«Заң жобасында ЕАЭО-ның кедендік шекаралары арқылы тауарлардың орнын ауыстыру кезінде бақылау бекеттерінде ғана емес, рұқсат етілмеген тауарлардың тасымалын болдырмайтын нормалар қарастырылған. Яғни, заңнамамен айқындалған өзге де жерлерде ветеринариялық және карантиндік бақылау жүргізу қажет деп білеміз», - дейді бірінші вице-министр.

Қайрат Айтуғановтың айтуына қарағанда, ветеринария саласындағы ұйымдастырушылық, орындаушылық қызметтердің негізгі және бақылау-қадағалау функцияларының бір бөлігі әкімдіктерге берілген. Министрлікте тек ауыл шаруашылық өнімдерінің экспорты немесе импортына қатысты, сондай-ақ әкімдіктердің қызметіне бақылау және үйлестірушілік қызметі қалған.

«Әкімдіктерге жүктелген міндеттерді ішінара тексеру жылына 1 реттен артық жүргізілмейді», - дейді Қайрат Айтуғанов.

Оның пікірінше, заң жобасы бойынша ветеринария саласындағы жергілікті атқарушы органның қызметін жақсарту бойынша жұмыс жүргізу қарастырылып отыр. 

Соңғы жаңалықтар