Дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасына жаңа бас бапкер тағайындалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің шешімен дзюдодан Қазақстан ұлттық ерлер құрама командасының бас бапкері ауысты. Бас бапкері ретінде Айдын Смағұлов тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстанның Дзюдо федерациясына сілтеме жасап.

«Мақсатымыз - қазақстандық дзюдошылардың Азия ойындарында, Азия және Әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарында нәтижелі күрес көрсетіп, үлкен жетістіктерге қол жеткізу. Осындай мақсатта бапкерлер құрамы ұлттық құрамадағы дзюдошылардың жаттығуын жіті қадағалап, дзюдодан дамыған мемлекеттер қатарында тұру үшін аянбай жұмыс істейміз», - дейді, ұлттық құраманың жаңа бас бапкері Айдын Смағұлов.

Айдын Құдайбергенұлы - қазақстандық маман, дзюдодан ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «Даңқ» орденінің иегері. 1976 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Дзюдодан бірнеше халықаралық турнирлердің жеңімпазы. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Чемпионы, С. Жандосовты еске алуға арналған халықаралық турнирдің 4 дүркін жеңімпазы, Ж. Хамитжановты еске алуға арналған халықаралық турнир жеңімпазы (1999 ж), Түркияда өткен халықаралық турнир жеңімпазы (1998), Орталық Азия ойындарының жеңімпазы (1999).

Бапкерлік қызметін 2005 жылы Алматы облысының аға жаттықтырушысы болып бастаған. 2008-2010 жылдар аралығында Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы, 2010-2012 жылдары «Жастар» спорт кешенінде директордың бірінші орынбасары, 2012-2017 жылдар аралығында Қазақстан ұлттық құрама командасында жаттықтырушы қызметін атқарған. Сонымен қатар, Айдын Смағұлов 2000 жылы Қырғызстан сапында Сиднейде өткен жазғы Олимпиада ойындарына қатысып, қола жүлдеге ие болған.

Қазақстан Дзюдо федерациясы 2012-2017 жылдар аралығында дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметін атқарған Ермек Имамбековке еліміздегі дзюдоның дамуына үлес қосып, осы аралықта әлемдік аренада жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуде аянбай еңбек еткені үшін алғыс білдірді. 

Соңғы жаңалықтар