Дженериктерді пайдалану мәселесі кеңінен талқыланады - министрлік

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда дәрі-дәрмектердің түпнұсқасынан гөрі дженериктер, яғни сол дәрілердің көшірмесі басым. Тіпті, мемлекеттік сатып алулар арқылы ондай дәрілер көптеп алынады. Оның құрамы түпнұсқамен бірдей болса да, xалық арасында дженериктердің сапасына қатысты алаңдаушылық бар. Осыған байланысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігі аталған мәселені кеңінен талқылауды жоспарлап отыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Иә, күні кеше әлеуметтік желілерде де аталған мәселе қызу талқыланды. Мемлекеттік сатып алулар кезінде дженериктің сатып алынғаны рас. Себебі бағасы төмен болды. Дегенмен, дәрігерлер мен пациенттердің алаңдаушылығын ескере отырып, біз алдағы жұма күні арнайы «дөңгелек үстел» ұйымдастырып, осы мәселені кеңінен талқылауды көздеп отырмыз. Соның нәтижесі бойынша шешім қабылданады», - деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Вице-министрдің айтуынша, дженериктерді сатып алғанда қаражат үнемделеді. Алайда ақшаның үнемделгені медициналық қызметтің сапасына кері әсерін тигізбеуі тиіс. Сол себепті кәсіби сарапшылардың қорытындысы қажет.

Айта кетейік, дженериктер - бұл қолдан жасалған дәрі емес. Оның түпнұсқадан еш айырмашылығы болмауы да мүмкін. Атауы ғана өзгеше, ал құрамы бірдей. Бағасы әлдеқайда арзан. Себебі түпнұсқаны жасап шығарғанда клиникалық зерттеулер және тағы басқа шараларға көп ақша кетеді. Содан бағасы да қымбат. Ал дженериктер сол түпнұсқаның құрамы бойынша жасалады. Бүгінде бір дәрі-дәрмектің ондаған көшірмесі болады. Мәселен, «Диклофенак» препаратының Вольтарен, Ортофен, Фелоран, Диплонат П және тағы басқа бірнеше атауы, яғни дженериктері бар. Ондай көшірмелер таблетка, гель, мазь болып шығарылса да, құрамы бір, емдейтін ауруы да бір.

Соңғы жаңалықтар