Дүйсенова өңірлердегі денсаулық сақтау нысандары құрылысындағы проблемаларды атады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бірқатар өңірдегі денсаулық сақтау нысандарының құрылысы жыл соңына дейін аяқталмауы мүмкін. Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметі отырысында еліміздің Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті.

Министр өңірлердің белсенді жұмыстар атқаруына қарамастан біраз проблема бар екендігін, олардың денсаулық сақтау нысандары құрылысының дер уақытында аяқталуына кедергі келтіруі мүмкіндігін атап өтті.

«Бірінші кезекте бұл дайындығы 95-100 пайызды құрайтын, аяқталу кезеңінде тұрған Қарағанды облысындағы 11 дәрігерлік амбулаторияға қатысты. Проблема мердігерлердің нысанды тапсыру мерзімін бұзуында болып отыр. Осыған байланысты қазір облыста айыппұл санкцияларын салу, одан кейін барып орындалған жұмыстарға төлем жасау бойынша  сот  талқылауы жүргізілуде. Нысандар дайындығының өте жоғары деңгейін ескере отырып, әкімдік сот талқылауын аяқтап, осы жылдың соңына дейін аталған нысандарды пайдалануға беру шараларын қабылдауы қажет», - деді министр.

Оның атап өтуінше, дайындық деңгейі 70-95 пайызды құрайтын келесі 4 денсаулық сақтау нысаны бар. Оларға қажет құрал-жабдықтарды тікелей жеткізуші әлі әкелмей отыр. Бұл Қабанбай батыр ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға, Ақмола облысына қарасты Зеренді ауылындағы емханаға, Қарағандыдағы балалар ауруханасына және Қызылорда облысына қарасты Талсуат ауылындағы психоневрологиялық интернат үйге қатысты жайттар.

«Бақытжан Әбдірұлы, бұл өңірлерде ғимараттар дайын, тек технологиялық құрал-жабдықтар ғана қалды.  Мен сізден облыс әкімдеріне технологиялық құрал-жабдықтарды жеткізу мәселесін мердігерлермен шешуді тапсыруыңызды өтінемін»,-  деді Т.Дүйсенова.

Сонымен қатар министр құрылыс жұмыстары 70 пайызға да орындалмаған 6 нысанның бар екендігін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар