Дүйсен Қасейінов: Тәуелсіз ел өзінің төл мәдениетінің тереңдігімен ерекшеленеді

None
None
ТҮРКИЯ-КАСТАМОНУ. ҚазАқпарат - Таяуда Түркияның Кастамону қаласында шаһардың 2018 жылғы Түркі дүниесінің мәдени астанасы болып жариялануына байланысты салтанатты шара өткізілді. Түркі елдерінің зиялы жұртшылығының басын қосқан шара аясында «ҚазАқпарат» тілшісі ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейіновтен халықаралық ұйымның жұмысына және жоспарларына қатысты сұхбат алған болатын.

- Әуелі Кастамону қаласының түркі әлемінің мәдени астанасы атануындағы ерекшелігін айтып берсеңіз?
- Бұл қала - түркі әлемінде маңызы бар ежелгі қалалардың бірі. Терең тарихымен, мәдениетімен, көне заманнан сыр шертетін сәулетті кесенелерімен ерекшеленеді. 2012 жылдан бастап түркі әлемінің мәдени астаналарын жариялау - ТҮРКСОЙ ұйымының ең сәтті жобаларының бірі. Сол уақыттан бері алты қала мәдени астана атанып, оларда түрлі шаралар өтті. Атап айтар болсақ, Түркі дүниесінің мәдени астанасы атағына алғаш ие болған Қазақстанның елордасы - Астана қаласы. Артынан 2013 жылы Түркияның Ескишехир қаласы, 2014 жылы Татарстанның Қазан қаласы, 2015 жылы Түрікменстанның Мары қаласы, 2016 жылы Әзербайжанның Шеки қаласы, өткен жылы өзіміздің Түркістан осы мәртебеге ие болғаны әмбеге аян. Міне, осы аралықта біз көп тәжірибе жинадық. Мәдени астана мәртебесін алу сол қаланың дамуына үлкен серпін беретінін байқадық. Сонымен бірге бұл үрдіс, әртүрлі себептермен бір-бірінен тым алшақтап кеткен бауырлас халықтардың арасын жақындатуда айрықша рөл атқарады. Мәлесен, былтыр Түркістанда қырықтан астам халықаралық деңгейдегі мәдени шаралар ұйымдастырылды.
null
- Мәдени астана атану үшін үміткер қалаларға қандай талаптар қойылады?
- ТҮРКСОЙ-дың шешімімен мәдени астана мәртебесі жыл сайын белгілі бір мемлекеттің шаһарына ауысып тұрады. Биыл Түркияның алты қаласы өз ұсыныстарын жіберіп, мәдени бас кент атануға ниет білдірді. Біз үлкен қалаларды емес, керісінше әзірге кеңінен таныла қоймаған тарихи қалаларды таңдауға тырысамыз. Бұл тәжірибе Еуропа елдерінде де солай. Қазір ешкім Лондонды немесе Парижді мәдениет астанасы етіп жарияламайды. Өйткені олар онсыз да әлемге белгілі қалалар. Ал, шағын шаһарларды мәдени астана ету арқылы сол өңірдің барлық салада өсіп-өркендеуіне кеңінен жол ашылады.
Мәдени астана болған қалалардың көбі тарихи орындар. Сондықтан олар ЮНЕСКО- ның әлемдік материалдық және материалдық емес құндылықтар тізіміне кіруге күштерін салады.
- Кастамонуда биыл қандай ауқымды шаралар өтеді?
- Кастамонуда жыл бойы әртүрлі деңгейдегі ұтымды шаралар ұйымдастырылады. Нақтылай түссек, суретшілер көрмесі, жазушылармен жүздесу, түрлі спорттық ойындар бәсекесі, ғылыми симпозиумдар мен семинарлар, өнер ұжымдарының гастрольдіқ сапарлары және бірнеше деректі фильм түсірілмек. Біз жақында алғашқы бірнеше айдың жоспарын бекіттік. Негізгі шаралар Кастамону қаласында Шығыс халықтарының жаңа жылы - Наурыз мерекесін тойлаумен басталады. Сондай-ақ биыл ТҮРКСОЙ аясында алаштың ақтаңгер ақыны Мағжан Жұмабаевтың, әзербайжанның әйгілі композиторы Кара Караевтың, қырғыздың атақты жазушысы Шыңғыс Айтматовтың мерейтойлары аталып өтіледі. Бұдан бұрын біз Олжас Сүлейменов өлеңдерінің 10 тілдегі аудармаларын жинақ етіп шығарғанбыз. Мерейтойлары кезінде басқа да түркі әлемінің ақындарын аударып бастық. Сол секілді биыл,
«Түркістан - екі дүние есігі ғой,
Түркістан- ер түріктің бесігі ғой .
Тамаша Түркістандай жерде туған.
Түріктің Тәңірі берген несібі ғой», деп жырлаған Мағжан бабамыздың өлеңдерін бірқатар түркі халықтарының тіліне аударуды жоспарлап отырмыз. Бұл бағытта әрине Қазақстанда да көптеген шаралар өтетін болады.
- Өткен жылы Қазақстан Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарияланғанын білесіз. Ондағы айтылған ойлар ТҮРКСОЙ-дың атқарып жатқан жұмыстары - мен үндесіп тұрғандай...
- ТҮРІКСОЙ бүгінде беделді халықаралық ұйымға айналып келеді, кейде оны «түркі әлемінің ЮНЕСКО-сы» деп те жатады. Әрине, бұл біз үшін үлкен мәртебе!
Елбасының «рухани жаңғыру», «ұлттық кодымызға оралу» идеясы аса маңызды мәселелердің бірі. Өйткен нағыз тәуелсіз ел өзінің төл мәдениетінің тереңдігімен ерекшеленуге тиіс. Әлемдік өркениетке біз бір қолымызға скрипка, екінші қолымызға домбыра ұстап кіргенде ғана айналамыз мойындайды. Төл өнерімізді төрге шығармай өркениет көшіне ілесе алмаймыз. Әрбір елдің делегациясы екінші бір жаққа барған кезде, оларды өз елінің тұлғалары арқылы танып жатады. Сондықтан бай салт- дәстүрімізді, кемеңгер перзенттерімізді кеңінен насихаттай білуміз керек. Мен бұл сөзім арқылы әрбір ұлт әлемдік өркениетке өзінің үлесін қосуға тиіс дегенді айтқым келеді. Әрине бұл бағыттағы біздің жұмыстарымыз Рухани жаңғыру бағдарламасымен үндесіп жатыр.
- Алдағы жылдарда мәдени астана болуға лайық қалаларын ұсынуға қандай елдер үміткер?
- Әзірге алдынғы кезекте Қырғызстан тұр. Қай қаласын ұсынса да, біз оны қолдауға әзірміз. Әрі қарай бұл үрдіс осындай тәртіппен жалғаса береді.
- ТҮРІКСОЙ-дың өзге де әлемдегі халықаралық ұйымдармен байланысы жөнінде айта кетсеңіз?
- Мәселен, біздегідей Еуропа елдерінің де мәдени астанасы аталып өтіледі. Сондай-ақ, Ислам мәдениетінің астаналары да белгіленіп отырады. Мысалы, биыл мұндай құрметке Әзербайжанның Нахичевань қаласы ие болды. Біз олармен мейлінше жақынырақ аралас-құраластыққа жол ашқанымыз жөн. Сонда әртүрлі мәдениеттер арасындағы диалог кеңінен өріс алып, бір-бірімізді жақынырақ тануымызға мүмкіндік туады. Біз ЮНЕСКО және ИСЕСКО секілді халықаралық ұйымдармен әріптестік қарым-қатынас орнатуға мүдделі екенімізді айтқым келеді.
null 

Соңғы жаңалықтар