«Дудар-ай» әнін шырқаған түрік әншісі елордалықтардың ыстық ықыласына бөленді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада «Қазақстан-Түркия достық әуендері-2» атты концерт өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Концерт шымылдығын ашқан Юнис Эмре түрік мәдени орталығының директоры міндетін атқарушы  Алмагүл  Исина қазақ-түрік бауырластығына айрықша тоқталып, Тәуелсіздік жылдары ішінде  екі елдің арасындағы барлық саладағы ынтымақтастық жоғары деңгейге көтерілгендігін айтты.

«Биыл - Қазақстан тарихы үшін ерекше жыл. Бас қала - Астанада бүкіл әлемнің назарын аударған «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі белсенді түрде өтуде. Бауырлас Қазақстанның осы шарасына  тарту ретінде Юнис Эмре түрік мәдени орталығы Түркияның Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен осы концертті ұйымдастырып отырмыз», - деді Исина.

Мәдени шара барысында Ернар Нұртазиннің дирижерлігімен, Астана қаласы әкімдігінің «Мемлекеттік академиялық филармония» оркестрі мен Түркия Мәдениет және туризм министрлігі «Түркі әлемі музыкалық ансамблі» сүйемелдеуімен түрік әншілері «Измирдің теректері», «Теңізде кешқұрым», «Халкалы шекер», «Бақша қабырғасын асып түстім» сынды әндерін орындады. Әсіресе, Дениз Гөкташтың канунда аспабының сүйемелдеуімен  қазақтың «Дудар-ай» әнін орындаған Чидем Гүрдал елордалықтардың ыстық ықыласына бөленді. Әншінің өнеріне тәнті болған елордалық әжелердің бірі Гүрдалдың иығына орамал жапты. Мұнан бөлек Ибадулла Матақовтың сөзіне жазылған Ахмет Жұбановтың «Қарлығаш» әнін қазақтың қара домбырасымен  орындаған түрік әншісі Джем Гүрдал да астаналықтардың зор қошеметіне бөленді.

Концерт соңына арнайы лоторея ойнатылып, елорданың екі тұрғыны кез келген уақытта Ыстанбұлға ұшақпен барып қайту мүмкіндігіне ие болды.



Соңғы жаңалықтар