Дуальды оқыту: Тәлімгерлерге ақы төленеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан колледждеріндегі дуальды оқыту аясында тәлімгерлік үшін қосымша ақы төленетін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өзекті тақырыптардың бірі тәлімгерлерге ақы төлеу мәселесі еді. Бизнес-серіктестеріміз осы мәселені айтып келеді, себебі олардың барлығы өндірісте студенттерге жетекшілік ететін арнайы маманды тағайындай алмайды. (...) Қазір жан басына қаржыландыру әдістемесі аясында бұл жоба үш өңірге пилоттық режимде енгізіледі. Олар - Павлодар, Алматы және Қарағанды облыстары», - деді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Тәлімгерлерге айына шамамен 64 мың теңге төленеді деп жоспарланып отыр. Одан бөлек, тәлімгерлер баламен жұмыс істеу дағдыларын үйренетін болады.

Вице-министрдің айтуынша, бизнес оқу бағдарламаларын қалыптастыру және өзгертуге қызығушылық танытуда және белсенді қатысып жатыр. Осылайша, түлектер нарыққа қажетті машықтарды үйреніп шығады.

БҒМ келтірген мәліметтерге сәйкес, бүгінде колледждердің 56%-і мамандарды дуальды оқыту технологиясы бойынша әзірлеуде, бизнестегі әріптестермен 10 мыңнан астам келісімшарт бекітілген.

Дуальды технология бойынша білім алып жатқан 2 мыңнан астам студент кәсіпорындар негізінде өндірістік тәжірибеден өтіп, еңбекақы алып жүр. Еңбекақы көлемі 16-20 мың теңгеден басталады және 100 мың теңгеге дейін жетеді. Тәжірибе студенттің еңбек өтілі ретінде есептеледі.

Соңғы жаңалықтар