ДСҰ комитетінің отырысы алғаш рет Қазақстанның төрағалығымен өтті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 20-21 маусымда Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) штаб пәтерінде Қазақстан Республикасының Женева қаласындағы БҰҰ бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдардағы Тұрақты өкілі, Елші Жанар Айтжанованың төрағалығымен ДСҰ-ның сауда және қоршаған орта бойынша Комитет отырысы өтті. 

Ағымдағы жылда Қазақстан ДСҰ мүшесі болғаннан кейін алғаш рет Ұйымның маңызды Комитеттерінің бірін басқарды, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Отырысқа БҰҰ Азық түлік және ауылшаруашылық ұйымы (ФАО), БҰҰ Сауда және даму конференциясы (ЮНКТАД), БҰҰ-ның Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы (ЮНЕП), Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ОЭСР), Стандарттау бойынша халықаралық ұйым (ИСО), Климаттың өзгеруі бойынша БҰҰ Конвенциясы (РКИК) және барлық ДСҰ мүше мемлекеттерінің өкілдері қатысты.

Кеңесті аша отырып, Ж.Айтжанова осы жылдың желтоқсан айында Буэнос-Айресте (Аргентина) өтетін 11-ші ДСҰ Министрлік конференцияның қорытынды кұжаттарын зерделу мақсатында сауда және қоршаған орта арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың маңыздылығын атап өтіп, қатысушыларды ашық және белсенді пікірталасқа шақырды.

Отырыс барысында ДСҰ хатшылығы өкілінің ДСҰ алаңында өткен келіссөздер жайлы баяндамасы тыңдалды. Жүргізілген келіссөздердің негізгі мақсаты балықтардың белгілі түрлерін аулауға бөлінетін қаражатқа тыйым салу жайлы көпжақты келісімдерге келу болып табылады. Шамадан тыс балық аулауға және балық аулаудың деңгейін арттыратын, заңсыз, тіркелмеген және реттелмеген балық аулауға бөлінетін қаражатқа тыйым салынады деп күтілуде. Бұл келіссөздердің ДСҰ мүшелері арасында белсенді талқыланып жатқаны, және олардың сәтті аяқталуы ДСҰ Министрлік конференциясының ең маңызды нәтижелерінің бірі болатынын атап өтілді.

Сондай-ақ, Австралия өкілі экологиялық тауарлар жайлы плюриратералдық Келісімге қол қою бойынша келіссөздер үдерісі туралы қысқаша баяндама жасады. Келісім әкелінген тауарларға және жабдықтарға қатысты кедендік баждарды жоюға бағытталған. Бұл, өз кезегінде, шағын және орта бизнес субъектілеріне «жасыл» технологияларға қолжетімділігін жақсартады және жаңартылған энергия көздері аясындағы жобаларды дамытуға қосымша ықпал етеді.

Кездесу барысында ФАО өкілі заңсыз, тіркелмеген және реттелмейтін балық аулауға қарсы күрес туралы Ұйымның жобаларымен хабардар етті. Заңсыз балық аулау мәселесін қадағалауды жедел қолға алу қажеттілігі ДСҰ мүшелерінің бірқатар делегациялары арасында қолдау тапты, және олар осы өндіріске балық аулаудың 30 % немесе 10-23 млрд АҚШ доллары тиесілі екені хабарлады.

Күн тәртібіндегі тағы бір маңызды мәселелердің бірі - Париж климат келісімін іске асыру үдерісіне арналды. РКИК өкілі отырысқа қатысушыларды климат бойынша жалғасып жатқан халықаралық талқылау барысымен таныстырып өтті. Бүгінгі таңда 148 ел Париж келісімін ратификациялады, ендігі басты міндет оны іске асыру жөніндегі жұмыс бағдарламасын пысықтау болып табылады.

Осы сегмент аясында Корея Республикасы, Жаңа Зеландия және Перу өкілдері Париж келісімінде көрсетілген міндеттерге қол жеткізу мақсатында Нақты ұлттық салымдар деп аталатын ортақ жоспарларын ұсынды.

Қазақстан делегациясы отырысқа қатысушыларды Париж келісімін іске асыру бойынша өз бастамаларымен таныстырып, Астанада «Болашақ энергиясы» тақырыбымен «ЭКСПО-2017» көрмесі өтіп жатқанынан  хабардар етті. Сонымен қатар, делегация мүшелерін «ЭКСПО-2017» шеңберінде «Энергетиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету» атты Министрлік конференциясының өткені және «Жасыл» технологиялар мен инвестициялардың халықаралық орталығын Астанада ашу туралы шешім қабылданғаны туралы ақпаратты қатысушыларға жеткізді.

 Сауда және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі ДСҰ ұйымының кезекті отырысы 2017 жылдың қараша айына жоспарлануда.

Соңғы жаңалықтар