ДСМ медициналық құрал-жабдықтарды сатып алудың жаңа ережесін әзірледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медициналық құрал-жабдықтарды сатып алудың жаңа ережесін әзірледі. Бұл туралы аталған ведомствоның басшысы Елжан Біртанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз үш жылдың ішінде сатып алынған медициналық құрал-жабдықтарға аудит жүргіздік. Көтеріңкі бағаға сатып алу фактілері анықталды. Медициналық құрал-жабдықтар шығарушы елі көрсетілместен, кепілді қызмет көрсету мерзімі сақталмастан сатып алынған. Бұл фактілердің барлығын Есеп комитетіне бердік. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Есеп комитеті әлеуметтік блокқа тексеру жүргізген еді. Бірқатар факті құқық қорғау органдарына жіберілді»,- деді министр бүгін денсаулық сақтау саласындағы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесу барысында.

Оның айтуынша, министрлік медициналық құрал-жабдықтарды орталықтандырылған сату алудан бас тартып, жаңа ереже әзірлеген.

«Қазіргі уақытта аталған ереже мемлекеттік органдармен келісілуде. Онда егер құрал-жабдық бюджет есебінен сатып алынатын болса, онда міндетті түрде сараптама жүргізілуі тиістігі көрсетілген. Сатып алынған құрал-жабдықтың не маманның, не қажеттіліктің болмауынан қаңтарылып бос тұратындығы жиі кездесетіндігі құпия емес», - деді ол.

Министр медициналық инфрақұрылымды дамытуға жеке инвестиция тарту жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті.

«Біз бірқатар шара, әдіс әзірлеп, 20-ға жуық келісімшарт жасаса алдық. Жеке инвесторлардың есебінен медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Бұл жұмыстарды одан ары да жалғастыра береміз. Жалпы, көп жағдайда мемлекеттің қаржысынсыз-ақ қымбат құрал-жабдықты сатып алуға болады. Ал ол ақшалар тарифтерді арттыруға жұмсалғаны жақсы және біз нарықта жеткізушілерден сапалы қызметтер алатын боламыз», - деді Біртанов.

Соңғы жаңалықтар