Досаев Бельгия мен Италия қаржы институттарының басшыларымен кездесті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқармасының төрағасы Ерболат Досаев Бельгия мен Италияға жұмыс сапарымен барып, оның шеңберінде ірі қаржы институттары мен компаниялардың басшыларымен ынтымақтастық мәселелері бойынша бірқатар кездесулер өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Холдинг баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Ерболат Досаев Брюссельде «AWEX» бас директоры Шанталь Де Блёмен және «Credendo Group» атқарушы комитетінің бас директоры және төрағасы Дирк Терведювемен кездесті.  

Тараптар экспорттау және инвестициялар тарту саласындағы ынтымақтастық, сыртқы саудаға қолдау көрсету және шетелден инвестиция тарту мақсатында «KazakhExport» ЭСК» АҚ (Холдингтің еншілес ұйымы) мен «AWEX» бірлескен платформаларын құру перспективаларын талқылады. Келіссөздер барысында Ерболат Досаев: «Қазіргі уақытта «KazakhExport» экспортты қолдау бойынша тетіктер спектрын: мемлекеттік кепілдік беруді, экспортты қаржыландыру бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауды және Холдингтің басқа да еншілес компанияларын қолдау тетіктерімен ықпалдастыруды кеңейтті», - деп атап өтті.

Өз кезегінде бельгиялық тарап талқыланатын бастамалардың ықтимал имплементациясына қызығушылық танытты.

«Credendo Group» атқарушы комитетінің бас директоры және төрағасы Дирк Терведювемен кездесуде Досаев сыртқы сауданы қолдау және шетелдік инвестицияларды тарту бойынша бірыңғай тетік құру мәселесін талқылады. Бельгиялық тарап нақты ақпараттарды алудың маңыздылығын айтты.

Римде Ерболат Досаев «Cassa Depositi e prestiti Group» компаниясының бас және қаржы директорлары  Фабио Галлиамен және Антонелла Балдиномен, «Simest» директорлар кеңесінің төрағасы Сальваторе Ребеччинимен және «SACE» басқарушы директоры Тереза Сапонарамен, «Confindustria» компаниясының халықаралық істері жөніндегі басқарушы директоры Камилла Чионини Визанимен және «ICE» жылжыту жөніндегі үйлестіру кеңесінің директоры Джованни Саччимен келіссөздер өткізді.

«Simest» директорлар кеңесінің төрағасы Сальваторе Ребеччинимен және «SACE» басқарушы директоры Тереза Сапонарамен көрші нарыққа бірлесе экспортты жылжыту саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Италиялық тарап өздерінің бизнес мүдделерін жылжыту және өңірге ұзақ мерзімді инвестициялар тарту тетігін дайындауға қызығушылық танытты.

Сонымен қатар, «Бәйтерек» холдингінің «SACE» және «Simest» компанияларымен инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобаларға ұзақ мерзімді инвестициялар тарту бойынша ынтымақтастығы қаралды. Қазақстандық тарап италиялық компанияның Холдингтің еншілес ұйымдары - «Kazakhstan Project Preparation Fund» ЖШС-мен және «Kazyna Capital Management» АҚ-мен ынтымақтастығын тереңдету мүмкіндігін қарауды ұсынды.

«Confindustria» компаниясының халықаралық істері жөніндегі басқарушы директоры Камилла Чионини Визанимен кездесу барысында Ерболат Досаев ЭКСПО-2017 шеңберінде бірлескен іс-шаралар ұйымдастыру мүмкіндігін талқылады. Ал  «ICE» жылжыту жөніндегі үйлестіру кеңесінің директоры Джованни Саччимен кездесу барысында Холдинг басшысы Қазақстан-Италия ынтымақтастығының перспективаларын қозғады.

Соңғы жаңалықтар