Допты хоккейден Қазақстан құрамасына «Ақжайықтан» үш ойыншы алынып отыр

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасына «Ақжайық» командасынан үш бірдей ойыншы алынып отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

«Ақжайық» спорт клубының директоры Азамат Шайхының айтуынша, оралдық команданың капитаны, шабуылшы Максим Өтебалиев, жартылай қорғаушы Сұлтан Қадыржанов және қақпашы Нариман Такиров ел намысын қорғайтын болады.

Допты хоккейден биылғы әлем чемпионаты 29 қаңтар - 4 ақпан аралығында Ресейдің Хабаровск қаласында өтеді.

Қазақстан құрамасындағы бір жаңалық, бапкерлері де өзгерді. Алексей Никишов кетіп, құрама тізгінін белгілі қақпашы, Ресейдің еңбек сіңірген спорт шебері, 2013 жылдан Ресей құрамасының жаттықтырушылар штабында болған Ильяс Хандаев алды. Оның әкесі Игорь Хандаев та - белгілі хоккейші, кезінде Алматының «Динамосында» ойнаған. Қазаққа жақындығы бар Ильяс Хандаевқа оралдық бапкер Николай Шавалдин көмектеседі.

«Біздің хоккейшілер 24 қаңтар күні аттанып, Орынбор арқылы Мәскеуге барады. Содан кейін құрамаға қосылып, жаттығады», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне А.Шайхы.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы бұдан бұрын допты хоккейден әлем біріншілігінің алты дүркін қола жүлдегері атанған болатын. Сондай-ақ негізін «Ақжайық» ойыншылары құраған команда 2011 жылы қысқы Азиадада топ жарды. 

Соңғы жаңалықтар