Допты хоккей: «Ақжайық» жаңа маусымды сәтсіз бастады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста бақ сынап жүрген Оралдың «Ақжайығы» жаңа маусымды сәтсіз бастады, - деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Ресей допты хоккей федерациясының сайтынан алынған мәліметке қарағанда, оралдықтар кеше Краснотурьинск қаласында өткен алғашқы ойында 3:7 есебімен жергілікті «Маяктан» жеңіліп қалды. Бұл матчта «Ақжайықтан» қарсыластар қақпасына бірінші допты Петр Грибанов енгізсе, содан кейін ресейлік легионер Александр Ефимов қос голдың авторы атанды.

Бүгін батысқазақстандықтар екінші ойында да «Маякка» есе жіберіп, 4:8 есебімен жеңіліс тапты. Бірінші тайм барысында команда капитаны Максим Өтебалиев таразы басын теңестіргенімен, одан кейін айдын иелері дес берген жоқ. Тек нәтиже 1:8 болғаннан кейін ғана «Ақжайық» ес жиғандай болды. Қонақтардан Александр Ефимов, Петр Грибанов және тағы бір ресейлік легионер Александр Чкалов доп соғып, көзге түсті.

Бір қызығы, «Маяк» клубын Орал допты хоккейінің түлегі, кезінде КСРО, Қазақстан құрамасы сапында ойнаған шабуылшы Олег Чернов жаттықтырады.

«Ақжайық» спорт клубының директоры Азамат Шайхының айтуынша, биыл командада пәлендей көп өзгеріс бола қойған жоқ. Өткен жылы Саратовтан келген ресейлік маман Владимир Кожевников бұрынғыша бас бапкерлік міндетін атқарады. Сондай-ақ команда құрамында бірнеше ресейлік ойыншы өнер көрсетеді. Көп ұзамай Оралдағы «Жастар» стадионында жасанды мұз айдыны пайдалануға беріледі. Бұл хоккейшілердің +10 градусқа дейінгі жылы кезде де мұзда дайындалуына мүмкіндік береді. Демек, 2016 жылы құрылғанына қырық жыл толған «Ақжайық» допты хоккей клубының болашағына сенуге болады.

Айта кетейік, оралдықтар екінші топта «Маяктан» басқа «Знамя-Удмуртия» (Воткинск), «СКА-Свердловск» (Екатеринбург), «Локомотив» (Орынбор), «Динамо-Қазан-2» (Қазан), «Никельщик» (Верхний Уфалей) командаларымен бірге сынға түседі. Барлығы үш топта үздік атанған командалар финалдық сайыстарға қатысып, суперлига жолдамасын сарапқа салады.

В.Кожевниковтің шәкірттері келесі кездесулерін 4-5 желтоқсан күндері Первоуральск қаласында «СКА-Свердловск» командасымен өткізеді.

Соңғы жаңалықтар