Допты хоккей: «Ақжайық» «СКА-Свердловск» командасын екінші мәрте жеңді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін допты хоккейден Оралдың «Ақжайығы» «Стеновик» стадионында «СКА-Свердловск» (Екатеринбург) командасымен екінші ойынын өткізді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста өнер көрсетіп жүрген қос команда арасындағы бұл кездесу де тартысты өтті. Алдымен 24-минутта қонақтардан Евгений Быков мергендік танытып, есеп ашты.

Екінші таймда айдын иелері қарымта қайырды. Алдымен 59-минутта ресейлік легионер Сергей Пантеев таразы басын теңестірді. Ал 60-минутта Андрей Гущин жеңіс голын соқты. Осылайша, «Ақжайық» екі минуттың ішінде ойын тағдырын шешті.

Ресейлік маман Владимир Кожевников жаттықтыратын оралдықтар кеше қарсылас команданы 4:2 есебімен тізе бүктірген болатын.

Қос жеңістен кейін «Ақжайық» екінші топта 17 ұпай жинап, «Локомотив» (Орынбор) командасымен үшінші-төртінші орындарды бөлісуде.

Батысқазақстандықтар келесі бәсекелелерін Оралда 18-19 қаңтарда осы топта 27 ұпаймен екінші орында келе жатқан «Маяк» (Краснотурьинск) командасымен өткізеді. Бір қызығы, «Маяк» командасын Орал допты хоккейінің түлегі, КСРО чемпионы, кезінде Қазақстан құрамасында ойнаған Олег Чернов жаттықтырады.  

Соңғы жаңалықтар