Допты хоккей: «Ақжайық» «Маякты» екінші рет тізе бүктірді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден Оралдың «Ақжайығы» «Маяк» (Краснотурьинск) командасын екінші рет ұтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Бүгін «Стеновик» стадионында Владимир Кожевниковтің шәкірттері 4:2 есебімен жеңіске жетті. «Ақжайық» бірінші таймда 2:1 есебімен алға шықты. Ойынның екінші кезеңінде де дәл осындай есеп тіркелді. Айдын иелерінен ресейлік легионер Александр Ефимов есеп ашса, содан кейін Оралдың өз түлектері Петр Грибанов, Павел Чебаков және Андрей Гущин бір-бір голдың авторы атанды. «Маяктан» Дмитрий Ярославцев пен команда капитаны Федор Миронов доп соғып, көзге түсті.

Орал допты хоккейінің түлегі Олег Чернов жаттықтыратын, құрамында суперлигада ойнап көргендер бар «Маяк» командасы Ақ Жайыққа қалайда ұпай аламын деп келген болатын. Алайда ол мақсаттары орындалмай, екі матчта да жеңіліп қалды.

Бұл кездесуден кейін 23 ұпай жинаған «Ақжайық» екінші топта «Локомотив» (Орынбор) командасымен үшінші, төртінші орындарды бөлісуде. Бірақ оралдықтардың орынборлық командадан бір ойыны кем.

Үш бірдей ойыншысының 29 қаңтар - 4 ақпан аралығында Ресейдің Хабаровск қаласында өтетін әлем чемпионатына қатысуына байланысты «Ақжайық» командасы келесі бәсекелерін 12-13 ақпанда өз айдынында «Никельщик» (Верхний Уфалей) командасымен өткізеді. 

Соңғы жаңалықтар