Допты хоккей: «Ақжайық» көш басындағы командалардың бірін ұтты

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден Оралдың «Ақжайығы» өз айдынындағы кезекті жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Спорттың осы түрінен жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста өнер көрсететін оралдықтар бұл жолы екінші топта көш бастап келе жатқан команданың бірі - «Маякты» (Краснотурьинск) қабылдады.

Бірінші таймнан кейін ресейлік маман Владимир Кожевников жаттықтыратын оралдықтар 4:0 есебімен алда тұрды. Ойынның екінші кезеңінде қонақтар басымдылық танытқанымен, «Ақжайық» бәрібір 5:3 есебімен жеңіске жетті. Оралдықтардан ресейлік легионер Сергей Пантеев төрт голдың авторы атанса, тағы бір ресейлік Александр Чкалов та доп соғып, көзге түсті.

Бүгін қос команда екінші кездесуін өткізеді.

Екінші топта «Знамя-Удмуртия» (Воткинск) командасы 31 ұпаймен көш бастаса, одан төрт ұпайы кем «Маяк» екінші орында келеді. Үздік үштікті әзірге 23 ұпаймен «Локомотив» (Орынбор) командасы түйіндеп тұр. Екі ойынды кем өткізген оралдықтардың «Локомотивтен» үш-ақ ұпайы кем.

«Ақжайық» спорт клубының директоры Азамат Шайхының айтуынша, биыл команданың алдына финалдық сайыстарға шығу міндеті қойылған болатын. Бұл сайыстарға алғашқы екі орынды иеленген командалар міндетті түрде қатысады. Сонымен қатар басқа топтардағы жағдайларға байланысты үшінші орын алған команда да жолдама алуы мүмкін. Яғни жоғары орын алса да, суперлиганың қосалқы құрамалары финалға қатыса алмайды. Сондықтан «Ақжайық» финалдан әзірге үмітін үзе қойған жоқ.

Еске сала кетейік, биылғы әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасына «Ақжайықтан» үш бірдей ойыншы алынып отыр.

Соңғы жаңалықтар