Дональд Трамп ЭКСПО-ға келе алмайды - Джордж Крол

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Джордж Крол Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесінде ашылатын Американың павильоны жайында айтып берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен өзім павильонның комиссары әрі елші қызметі атқарамын. Павильонның тақырыбы - «Шексіз энергия». Біздіңше, шексіз энергияның қайнар көзі ол - адамдар. Әрине, америкалықтар ғана емес. Дегенмен, өнертабыстардың барлығы Америкамен тікелей байланысты. Қазіргі кезде біз павильонның ішін толтырып жатырмыз. Павильонның жалпы аумағы шамамен 1 000 шаршы метрді құрайды. Енді, бұл ең үлкен павильон болмаса да, үлкен павильондардың бірі болып саналады», - деді Крол Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Елші нақты жобалар жайында айтпады. «Әзірше, құпия» деген сөзбен шектелді. Алайда павильонның мазмұны аса қызықты болатынын жеткізді. Ал 4 шілде күні АҚШ-тың ұлттық күні тойланады. Кролдың айтуынша, көрме кезінде сан алуан өнертабыстар мен инновациялар көрсетіледі. Дегенмен, нақты келісімдерді рәсімдеу көзделіп отырған жоқ. Әзірше, АҚШ тарапынан келетін делегацияның құрамы да анықталмады.

«Астанадағы ЭКСПО-ның ашылуына аса жоғары мәртебелі меймандардың келетінін жақсы білеміз. Өйткені Шанxай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтеді. Мәселен, Қытай мен Ресейдің президенттері келеді. Бірақ біздің президентіміз келе алмайды. Себебі оның жұмыс кестесі тым тығыз болып тұр. Соған қарамастан, Қазақстан мен Америка арасындағы қарым-қатынастары бұрынғыдай дами береді», - деп атап көрсетті елші.

Соңғы жаңалықтар