Додон Молдовада өткен президенттік сайлауда жеңіске жеткенін мәлім етті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Молдавияның социалистер партиясының көшбасшысы Игорь Додон ел президентінің тікелей сайлауында жеңіске жеткенін жариялады, деп хабарлайды Риа Новости.

«Мен бүгінгі сайлауда жеңіске жеткенімізді нық сеніммен айта аламын. Мұхиттың ар жағында дауыс беру жалғасып жатыр. Алайда, біздің осы уақыттың өзінде 50 пайыз және плюс бір дауыс жинағанымыз белгілі болды. Біз жеңдік»,-деді ол брифингте.

Додон өзінің Еуропаны қолдаушы оң күштердің атынан сайлауға түскен қарсылас кандидаты Майе Сандуды электоратты тыныштандыруға шақырды. «Мен сіздің жақсы әрі лайықты нәтиже көрсеткеніңізбен құттықтаймын. Алайда, қазір біз қоғамның екіге жарылуының алдын алуымыз керек»,-деді социалист.

Додонның сөзінше, ол бүкіл Молдова халқының президенті болады. Яғни оңшылдардың да, солшылдардың да, өзінің жақтастары мен қарсыластарының да.

Санду дауыс беру учаскелерін жабыла салысымен осы жолғы президенттік сайлаудың нашар ұйымдастырылғандығын айтқан. Оның пікірінше, билік өкілдері оның шет мемлекеттердегі сайлау учаскелері мен дауыс беру бюллетеньдерінің санын арттыру жөніндегі талабын назарға алмады.

Санду елдің Сыртқы істер министі мен Орталық сайлау комиссиясы басшысының қызметтен кетуін талап етті. Себебі Лондондағы сайлау учаскелерінің бірінде дауыс беру бюллетеньдері бітіп қалған. Яғни, республика азаматтарының дауыс беру құқықтары шектелді.

Молдавияның Орталық сайлау комиссиясының мәліметтерінше, хаттамалардың 98,32 пайызы есептелгеннен кейін Додонның 54,24 пайыз, ал, Сандудың 45,76 пайыз дауыс жинағандығы белгілі болды, деп жазды lenta.ru.

Соңғы жаңалықтар