Диотты бағдаршам шығарушылар Ақтөбенің үздік өндіріс орны атанды

None
None
 АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде «Қазақстанның үздік тауары» байқау-конкурсы өтті. Диотты бағдаршам шығаратын өндіріс орны республикалық байқауға жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбенің үздік тауары анықталды. «Қазақстанның үздік тауары» байқауына Ақтөбедегі «Светоком» компаниясы қатысады.

«Байқау жергілікті тауар өндірушілерді ынталандырады, жігерлендіреді. Жыл өткен сайын өңірде жаңа өндіріс орындары іске қосылып жатыр. Мәселен, «Ақтөбе» индустриалды аймағында химиялық қоспа мен антифриза өндірісі іске қосылды. Мұндай өндіріс орындарының артуы керек. Себебі, экономикамыздың қуаты өндіріс орындарымен өлшенеді»,- деді облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов.

«Қазақстанның үздік тауары» байқауына биыл 40-қа жуын өндіріс орны қатысты. Олардың арасында Ақтөбе мұнай жабдықтары зауыты, Ақтөбе өртке қарсы жабдықтар зауыты мен құрылыс материалдарын шығаратын өндіріс орындары бар. Ауыл шаруашылығы құрылымдары мен кондитерлік цехтар да байқауда бақ сынады. Ірі өндіріс орындарымен қатар шағын және орта бизнес иелері де Ақтөбенің үздік тауарын шығарушы атануға өтініш берді. «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар» номинациясын «Светоком» ЖШС жеңіп алды. Бұл бағдаршам шығаратын Қазақстандағы жалғыз өндіріс орны.  Нарықта 10 жылдан астам уақыт тәжірибесі бар өндіріс орнында диотты бағдаршамның 20-дан астам түрі әзірленеді. Қазіргі күні еліміздің әр өңірінде Ақтөбеде жасалған бағдаршам қондырылған. қазақстандық өнім үлесі 80 пайызға жетті.

«Қазақстанның үздік тауары» марапаты кез келген өндіріс орнының төсбелгісі бола алады. Сапаға берілген баға сатып алушыларға сенім береді. Біз 2013 жылы байқауға қатысып, байқаудың аймақтық кезеңінде 2 орынды жеңіп алған болатынбыз. Ендігі ойымыз бас жүлдені иелену»,- деді компания есепшісі Екатерина Исаева.

«Халыққа арналған үздік тауар» номинациясы бойынша пластикалық терезе, жиһаз, резеңке жабындысын шығаратын цехтар үздік үштікке енді. Ал «Ең үздік азық-түлік тауарлары» номинациясында сүт, ет өнімдерін шығаратын компаниялар мен кондитерлік цех бар.

Айта кетейік, «Қазақстанның үздік тауары» байқауына Ақтөбеден 9 өндіріс орны қатысады.

Соңғы жаңалықтар