Дін істері министрлігі: Сирияға кеткендердің 90 пайызы кейіннен өкініп қалады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада өткен халыққа есеп беру кездесуінде ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев Сирияға кеткен азаматтар жайында сайт пайдаланушысы қойған сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған министрлік баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, Н. Ермекбаев Сирияға кеткен адамдар туралы мәселе ведомство құзыретіне кірмейтінін түсіндірді. Себебі аталған елге әртүрлі адамдар барады, негізінен олардың сапарлары діни көзқарастарына байланысты емес.

«Бұл адамдар исламның құндылықтарын, сенім постулаттарын дұрыс түсінбейді. Біздің елде кез келген конфессиялар мен діни сенімдерге жағдайлар жасалған. Ешкім де қыспаққа алынған емес. Діндарлардың құқықтары қамтамасыз етілген. Тиісті діни ғимараттар тұрғызылған, сондай-ақ елдің заңнамасына қайшы келмесе, бүлдіргіш әлеуетті қамтымаса, олар өздерінің әдебиеттерін емін-еркін оқи алады. Ал аталған елге кететіндер наным-сенімнің түсінігін бұрмалайды. Олар өз кезегінде заңды бұзушылар болады», - деді министр азаматтардың сауалына жауап беру кезінде.

Ермекбаевтың сөзіне қарағанда, біздің заңнамада шетелге барып, лаңкестік және басқа да заңға қайшы іс-қимылдарға қатысқан адамдарды сот шешімімен қазақстандық азаматтықтан айыру мүмкіндігін қамтитын норма қарастырылған.

«Сол кезде осы адамдарға кері қайтатын жол жабық болады. Сондықтан да кез келген адам лаңкестік ұйымдардың сапына кірерден бұрын, алдымен өзін және отбасы мүшелерін Отансыз және азаматтықсыз қалдыруы мүмкін екендігін ойлауы тиіс. Атап айтқанда, Сирияға кеткендердің 90 пайызы кейіннен өкініп қалады. Олардың ішінде кейбірі өмірі қиылғандықтан орала алмайды, ал қалғандары жазадан қорқып, елге келмейді. Бұл негізі адам трагедиясы. Осының барлығы интернетте немесе таныстар арқылы жүргізілетін теріс насихаттың салдары. Қандай да бір халифатта өмір сүруді армандайды, алайда ол шын мәнін жоқ. Онда кәдімгі қылмыстық топтар бар, сәйкесінше сол жерде зорлық-зомбылық пен ұрлық, сондай-ақ өзге де қылмыстық жағдайлар орын алуда», - деді ведомство басшысы.

Соңғы жаңалықтар