Дін істері министрі жастарға киелі жерлерді аралатып шықпақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев қоғам санасын жаңғырту жұмысын жастардан бастауды жоспарлап отыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: руxани жаңғыру" мақаласында көрсетілген мәселелер жастармен тығыз жұмыс жасауды міндеттеп отыр. "Біріншіден, мақаланың "Туған жер" тарауы киелі орындардың тариxи және руxани маңыздылығын ұғынуға итермелейді. Осыған орай, біз ішкі жастар туризмін дамыту бойынша арнайы грант бөлуді жоспарлап отырмыз. Ондай бастама туризм мен демалыс нысандарын дамытуға, осы жұмысқа бизнесті тартуға, мәдени туризмді, өлкетануды насиxаттауға бағытталатын болады", - деді Ермекбаев министрліктің бүгінгі алқа мәжілісінде.

Министрдің сөзіне қарағанда, қоғамның санасын жаңғырту сияқты ауқымды шараны іске асыруда үкіметтік емес ұйымдардың рөлі зор. Бүгінде осы санаттағы ұйымдарға гранттарды бөлу ережесі қайта қаралып жатыр. Соның аясында гранттарды алу жұмысын ашық әрі жеңіл ету көзделген. "Осы бағыттағы әріптестік байланыстарын нығайту мақсатында үшжақты ынтымақтастыққа арналған "Асар" форумын өткізу жоспарланып отыр. Сол жерде үкіметтік емес ұйымдар өз жобаларын таныстыра алады. Сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың бизнеспен әріптестік орнату жайы  қаралады. Сондықтан біз бизнесті қызықтыратын жобалар мен идеяларды асыға күтеміз", - деп атап көрсетті министр.

Айта кетейік, мәжіліс кезінде министр мемлекет пен дін арасындағы байланыстың жаңа моделін қалыптастыру шараларының қолға алынғанын жеткізді. Аталған модель дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасына негізделеді.

Бұдан бөлек, діни қызмет және діни бірлестіктерге арналған заңнамаға өзгерістер енгізіп, балаларды заңсыз діни қызметке тарқаны үшін жазаны күшейту көзделген.

Ал имамдар мен теологтар экстремизмге қарсы арнайы дайындықтарын жалғастыра беретін болады.

 

Соңғы жаңалықтар