Димаштың жанкүйері: Мен бұрын Қазақстанды білмейтінмін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат- Димаштың Астанадағы концертіне арнайы келген қытайлық жанкүйерлер Қазақстаннан ерекше әсер алғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әлеуметтік желілер арқылы Қытайдың әр қаласынан жиналып Астанаға келген жанкүйерлер Димаш Қытайдағы байқауға қатыспай тұрып, өздерінің Қазақстан туралы ештеңе білмегендіктерін айтты.

«Жоқ. Мен тек география пәнінен Қазақстанның үлкен мемлекет екенін ғана білетінмін. Димаштың әнін естіп оның өнеріне ерекше тәнті болдым. Ол талантты әнші және қарапайым халыққа ерекше жақын. Басқа жұлдыздар сияқты ешқандай ерсі қылық көрсетпейді. Оның қарапайымдылығы, жұмсақ мінезі менің Қазақстанға және қазақ халқына деген құрметімді арттырды. Сондықтан, осы концертке қолдау білдіріп, Димаштың туған елін, өскен жерін және тұратын қаласын көру туралы шешім қабылдадым. Қазақстан халқы да Димаш сияқты өте ақкөңіл, қонақжай екен»,- деді Чанша қаласынан келген Ин Ючен атты жанкүйер.

Сондай-ақ, қонақтар Астана қаласы мен осы аймақтағы бірнеше ауданды және ЭКСПО аумағын аралап үлгергеген.

«Тұнық ауа, көркем табиғат және қазақтың дәмді ұлттық тағамы ерекше керемет әсер қалдырды. Концерттен кейін тағы Алматы қаласын серуендеп қайтуды жоспарлап отырмыз»-, деді Ие Инин.

Айта кетейік, «Бастау» концерті ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында 27 маусым күні елордадағы «Астана Арена» стадионында өтеді.

Димаш Құдайберген концертке қатысатын әншілерді көпшілікке жариялаған болатын. Олар - Қытайдың белгілі әншісі Терри Лин, Евробайқау-2012 байқауының жеңімпазы Лорин (Швеция), Ұлыбритания әншісі Софи Элис Бекстор, Кристина Орбакайте (Ресей) және Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, опера әншісі Майра Мұхамедқызы.

Соңғы жаңалықтар