Димаш ­­­Құдайбергеновтің француз тіліндегі әні қандай мұңлы болса, тарихы да сондай мұңды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайдағы «Singer - 2017» ән байқауына қатысып жатқан отандасымыз Димаш Құдайбергенов француз тіліндегі «SOS d'un terrien en detresse» («Жабырқап жүрген жер тұрғынының SOS сигналы» - қаз.) атты әнін орындап, қытайлық көрермендерді тәнті еткен болатын.

Осы шығарманың арқасында келесі кезеңге жолдама алды. ҚазАқпарат тілшісі миллиондаған тыңдарманның жүрегін елжіретіп, көңіліне медеу болған әннің тарихын еске алғанды жөн көрді.

Бұл композицияда француздың Грегори Лемаршаль атты жас әншісінің бүкіл өмірі, мұңы мен зары, қиял-арманы көрініс тапқан. Құйрықты жұлдыздай жарқ етіп өткен оның өмірі муковисцидоз сияқты айықпас дертке шалдыққандар үшін ғана емес, он екі мүшесі сау адамдар үшін де қажымас қайрат пен ерік-жігердің символына айналды.



1983 дүниеге келген Грегори Лемаршаль екі жасқа келгенде дәрігерлер оның муковисцидоз атты дертке шалдыққанын анықтады. Тұқым қуалаушылық арқылы берілетін бұл ауруға қарсы ем жоқ. «Муковисцидоз» сөзі латынның екі сөзінен тұрады: «mucus» - «шырыш» және «viscidus» - «тұтқыр, қою». Ондай ауру кезінде адам ағзасынан бөлінген шырыш қою болып, ұйқы безі, бауыр, ішек, тері мен сілекей бездеріне зақым келеді. Ал өкпеде қою қақырық жиналып, ауа бармай қалады. Содан қан айналымы нашарлап,    қабыну процесстері басталады. Қатты жөтел пайда болады. Ауыратын адам ауаның жетіспеушілігінен қайтыс болып жатады. Себебі өкпе тек 25 пайызға ғана жұмыс істейді. 

Міне, осындай дертке шалдыққан Грег тағдыр тәлкегіне төтеп бере білді. Өкпенің қабынуына қарамастан, футбол, баскетбол сияқты спорт түрлерімен айналысты. Ал 1995 жылы акробатикалық рок-н-роллдан Франция чемпионы атанды. Спортпен кәсіби түрде айналыса алмады. Себебі оған үлкен физиологиялық дайындық қажет болды. Содан Грегори спорт комментаторы боламын деп шешті. Алайда 1998 жылы Франция футболдан Әлем чемпионы атанғанда әкесімен бәстесіп, караокеде бір әнді орындауға уәде берді. Бұған дейін ол өз бойындағы әншілік қасиетін байқамады, тіпті ата-анасының ақылына да құлақ асқан жоқ. Алайда караокеде мүлдем бөтен адамдардың оның өнеріне тәнті болғанын көріп, толығымен музыкаға ауысуға шешім қабылдайды. 

Сөйтіп, 2005 жылы Грегори Лемаршальдың «Je deviens moi» («Мен өзімді таптым») атты алғашқы альбомы жарыққа шықты. Аталған жинақ бірден бүкіл Францияға таралып кетті. Ал келесі жылдың басында Грегори өз елінің танымал NRJ Music Awards байқауында «Жыл жаңалығы» сыйлығына ие болды. Содан Франция, Бельгия мен Швейцариядағы гастрольдер басталады. Лара Фабиан, Андреа Бочелли, Селин Дион, Патрисия Каас сияқты сахнаның майталмандары Грегоридің дауысына, мұқалмас рухына тәнті болды. «Грег сөзбен жеткізе алмаған нәрсені дауыспен, көзбен жеткізе білді», - дейді танымал әнші Лара Фабиан.

Иә, Грегори Лемаршаль үшін әрбір әнді орындау қаншалықты ауыр болғанын тек оның ата-аналары ғана білді. «Ұлыма софрология (ішкі гармония) сеанстары ауадай қажет болды. Әлі есімде, Олимпияда концертке дейін он бес минут қалғанда Грегоридің дауысы шықпай қалды. Біз шұғыл этиопатияның маманы Стефанды шақыртып, көмек сұрадық. Соның арқасында Грегори әнді айтып қана қоймай, ең қиын мелодияларды орындап шықты. Иә, оған өте ауыр болды, сахнада қатты қиналды. Көрермен қауым ештеңе байқаған да жоқ. Ал сахнаның арғы жағындағы біздің де, Олимпия директорының да жасы сорғалап тұрды», - дейді Грегоридің әкесі Пьер Лемаршаль.

2007 жылы Грегори денсаулықтың нашарлауына байланысты үзіліс алатынын мәлімдеді. Соған қарамастан, екінші альбомды шығаруды жоспарлайды, тіпті Элен Сегарамен бірге «Vivo per lei» әнін орындайды.  Бұл оның соңғы әні еді...

Сәуірдің екінші жартысында оны шұғыл түрде Парижге жақын ауруханаға жатқызады. Оған өкпе ауыстыруды жоспарлайды. Алайда донор табылмай қалады. 2007 жылы сәуірдің 30-ы күні Грегори Лемаршаль 23 жасында қайтыс болды.

Танымал әнші қайтыс болса да, оның мұрасы өшкен жоқ. Сол жылы Грегори Лемаршаль атындағы муковисцидозбен күрес қауымдастығы құрылып, миллиондаған қаржы жиналды. Ол қаражат ауруды зерттеу және емханаларды жөндеу жұмыстарына жұмсалды. Соның арқасында Еуропада муковисцидоз дертінен шалдыққан адамдардың өмірі 40 жасқа дейін ұлғайды.  

Айта кетейік, Димаш Құдайбергенов «SOS d'un terrien en detresse» әнін 2015 жылы Беларусьтың Витебск қаласында өткен «Славянский базар» байқауында орындаған болатын. Сол кезде ол бас жүлдені жеңіп алды.

2013 жылы осы композицияны қазақстандық әнші Қайрат Түнтеков те орындап көрген.

Соңғы жаңалықтар