Димаш Құдайберген мен Данэлия Төлешова Ақтөбе сахнасында ән салады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде «Бақытты бала» жобасы аясында Димаш Құдайберген мен Данэлия Төлешова ән салады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат тілшісі хабарлайды.

Биыл Ақтөбеде «Бақытты бала» жобасы жарияланып, балалар жылына орай әр ауылға ойын алаңын салу, әлеуметтік нысандардың құрылысын жүргізу жоспарланған. Бұған дейін хабарлағанымыздай, балалар жылына орай 4 миллиард теңге жұмсалады. Ал бүгін облыс әкімінің баспасөз қызметі «Бақытты бала» жобасының шеңберінде Димаш Құдайберген және Данэлия Төлешова ән салатынын хабарлады.

«Ақтөбеде 1-3 маусым аралығында  «Бақыты бала - 2018» ашық балалар вокалдық фестиваль-байқауы өтеді. Байқауға 10-15 жас аралығындағы балалар қатысады. Қазіргі уақытта ұйымдастыру комитеті өтінімдер қабылдап жатыр. Байқауға қатысуға Грекия, Ресей, Украина, Татарстан, Қытай және Қазақстанның вокалистері өтініш білдіруде. Конкурстың екінші кезеңі 1 маусымнан басталады. Іріктеуден өткен қатысушылар жартылай финалда сынға түсіп, Ақтөбе сахнасында ән шырқайды. Содан кейін шығармашылық жарыстың финалы өтеді. Финалға шыққан әншілер  Димаш Құдайберген, Данэлия Төлешова және Луиза Нұрқуатовалармен бірге бір сахнада өнер көрсетеді», - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, қашықтан іріктеу туры кезінде компьютерлік өңдеусіз және жанды дауыста орындалған әндер қабылданады.  Үміткерлер [email protected] электрондық поштасына аудио және бейнежазбасын жібере алады. Өтінімдерді қабылдау 15 мамырда аяқталады.

Соңғы жаңалықтар