Диқандарға алқаптың оннан бір бөлігіне жаңа дәнді-дақылдарды егу ұсынылып жатыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Диқандар келешекте өз алқабының 10 пайыздық аумағына элиталы дәнді-дақылды сепсе, өнімділік арта түседі. Бұл туралы ҚР АШМ «Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығы» КЕАҚ  Басқарма төрағасы Асқар Наметов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Дәнді-дақылдардың мәселесі қазіргі таңда бірінші кезекке шығып отыр. 10 жылдан бері егіліп келе жатқан тұқымдарды Ауыл шаруашылығы министрлігі алып тастаймын деп жатқан жоқ. Біз оған субсидия көмегін көрсетпейміз деп отыр. Бір жағынан министрлік тарапынан бұл шешімнің есебі де, себебі де бар. Әрине, ол ұсыныс жоба ретінде талқылануда. Жобаға сараптама жасалып, тиімді және тиімсіз тұстары соңында анықталып, тиісті шешім қабылдануы мүмкін», - дейді Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығының басқарма төрағасы.

Асқар Наметовтың айтуынша, диқандар қазіргі таңда қолданыстағы үйреншікті дәнді-дақылдардың тұқымын 10-15 жыл бойы еге береді.

«Себебі, біздің диқандар бір дәнді-дақылға үйреніп қалған. Ауыстырғысы келмейді. Диқандардың бір легі «Маған басқа дақыл түрінің керегі жоқ, мен үйренген бидайымды еге беремін» деуі мүмкін. Диқанның қамбасындағы дақылын ешкім тартып алғалы жатқан жоқ. Ары қарай қолдана берсін. Бірақ, ол диқандарға бұрынғы дәнді-дақылды 10 жылдан кейін еге берсе, оған көмек көрсете алмаймыз. Неліктен десеңіз, әр дақылдың өзінің өнімділік уақыты келеді. Бірақ, біз нарыққа жаңа дақылдарды енгізу жұмысына ден қойғымыз келеді. Сонда технология да жаңарады. Шыны керек, біздің көптеген диқандар дәнді-дақылдың 5-6 репродукциясында сапасы әлдеқайда жоғалған болса да еге береді. Ол дәнді-дақылдар тазалығын жоғалтып, басқа сорттармен араласып кеткен», - дейді Асқар Наметов.

Асқар Наметов сөз соңында диқандар келешекте өз алқабының 10 пайыздық аумағына элиталық дәнді-дақылды сепсе, өнімділік те арта түсетінін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар