Диагностикалық орталық мерекелік акция ұйымдастырды - ОҚО

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Оңтүстік Қазақстан облыстық медициналық диагностикалық орталығы тамаша бастамаға ұйытқы болды.

 Медициналық ұйым ас қорыту мүшелерін 72 есеге ұлғайтып көрсететін аппаратқа азаматтарды тегін түсірді. Эксперттік аппарат «Эвис ексеро-180» деп аталады. Мерейтойлық акция шеңберінде азаматтар ас қорыту жүйесінің кез келген ақауын анықтай алды. Тексеру барысында мамандар науқастардан биопсия алып, ойық жараларын, ісіктерін тапты. Полип анықталған жағдайда асқазанды тілмей-ақ алып тастады. Заманауи жабдық науқастардың дертін демде емдеді.

 Облыстық медициналық диагностикалық орталығы 25 жылда жаңа үлгідегі 25 түрлі аппарат сатып алған. Соның бірі - «Валюсон Е-8» құралы. Жүкті әйелдердің жүйкедегі жүгін жеңілдетіп, құрсақтағы шарананың ақауларын анықтайды. Озық үлгідегі аппаратқа деген сұраныс жоғары. Сондықтан орталық мамандары 2017 жылы матрицалы пернетақтасы бар  «Валюсон Е-10» сатып алуды көздеп отыр. «Холтер ЭКГ». Жүрек ырғағы бұзылған науқастар үшін таптырмас құрал. Мұндағы дәрігерлер азаматтардың күндізгі және түнгі жүрек соғысын қатар бақылау үшін осы құралды кеуде тұсына жапсырады. 24 сағатта Холтер өз жұмысын орындап, ағзадағы басты ақауды дәл анықтап береді. Облыстық медициналық диагностикалық орталығында функционалды тексерудің барлық түрі бар. Бір күн бойы өңір халқы тегін тексеруден өтіп, өз денсаулығының сырын білді. Мұндағы жасалған жағдайға көңілі толған тұрғындар отандық медицинадағы бұл жетістіктерді Тәуелсіздіктің жемісі деп біледі.

Соңғы жаңалықтар