Депутаттық сауал: Астана-Жезқазған пойызын тексеру керек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің депутаты Асылбек Қожахметов Жезқазған-Астана пойызындағы халықтың шағымдарына байланысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Жезқазған өңірінің тұрғындарының шағым түсіруі тоқтайтын емес. Бұл мәселе көптен бері шешімін таппай келеді. ҚР ИДМ мен «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның былтырғы жылы берген  жауаптарында Жезқазған-Астана бағытындағы № 307-308 пойыз күн сайын жүретіні хабарланған болатын. Ал жолаушыларды тасымалдауға міндеттелген жеке тасымалдаушы компания «Марал-Нұр» ЖШС мәселені шешеді делінген еді», - дейді мәжілісмен Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің атына жолдаған депутаттық сауалында.

Десе де, Жезқазған қаласының тұрғындары аталған бағыттағы № 307-308 жолаушылар пойызында 12 вагон барын, бұл қажеттіліктің 70%-75% ғана жауып тұрғанын айтуда.

«Темір жол кассаларында билет алу мүмкін емес. Жолсеріктерден билет сатып алу сызбасы сақталып отыр. Әсіресе, жазда және қыста вагондардың жетіспеушілігі қатты сезіледі. 12 вагонның екеуі ғана жаңартылды. Қалғаны 10 жыл бойы жөнделмеген. Суық әрі терезелері тесік», - дейді Қожахметов.

Депутат өз сөзінде жезқазғандық пойыздар еліміздегі ең қолайсыз темір жол көлігі екеніне көзі жеткенін айтады.

«Осы жағдайды ескере отырып, Жезқазған-Астана бағытындағы жолаушылардың ағымын тексеруіңізді сұраймын. «Марал-Нұр» ЖШС-нің конкурстық міндеттемелірн орындап отырғанын тексеріп, кемшіліктер анықталса шаралар қабылданса деймін. «ҚТЖ» ҰК» АҚ-мен бірге №307-308 пойыздың нақты ахуалына баға беруді сұраймын», - дейді Қожахметов.

Соңғы жаңалықтар