Депутаттық креслоға ауысқан актер Асылхан Төлепов халық ризашылығына бөленуде

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Инстаграм әлеуметтік желісін пайдаланушылардың бірі өзінің парақшасында қазақстандықтарға «Жау жүрек мың бала» фильміндегі рөлімен танымал болған актер, бүгінде жас депутат Асылхан Төлеповтің жұмысына ризашылығын білдірді.

Оның Төлеповке арналған мақтау жазбасы Алматы қаласының Наурызбай ауданында актермен кездейсоқ болған кездесуден кейін туындаған-мыс. Желі пайдаланушысы Төлеповтің кішіпейіл әрі қарапайым екенін жаза келе, оның депутат ретінде атқарып үлгерген ізгі істерін тізбектеген.

«Асылxан - Қазақстандағы ең жас депутат, бар-жоғы 24 жаста. Оған қоса, Алматы қаласының құрамына жаңадан қосылған 8-аудандағы жалғыз депутат. Жалғыз және алғашқы болудың жауапкершілігі жоғары. Халық пен биліктің арасында "алтын көпір" болу оңай емес. Сондай-ақ, ауданда көбіне қазақтар өмір сүреді. Ал тек қана қазақша сұхбат беретін ұлтқа жанашыр Асылxандай жігітті Наурызбай ауданына бекер жібермегенін осыдан-ақ байқауға болады»,-дейді жазба авторы nurlanjanai.

Автордың айтуынша, актер мәслиxат депутаты креслосына отырған аз уақыт ішінде біраз шаруа тындырып үлгерген.

«Биыл Наурызбай ауданына Алматы қаласының аудандары ішінде ең көп бюджет бөлінген екен. Сондықтан салынып жатқан құрылыс жұмыстары өте көп, оның ішінде жаңа мектептер мен асфальттар бар. Асылxан Төлепов мәслиxат депутаты ретінде олардың басы-қасында жүреді. Сондай-ақ, аудандағы санаулы соғыс ардагерлері мен құрметті қариялардың әр мейрам сайын жағдайын сұрап, мүмкіндігінше арбалар, азық-түлік сияқты қажетті заттарын алып беруге көмектеседі», - дейді ол.

Төлепов өз атына айтылған мақтауға риза болғаны ма, nurlanjanai-дың жазбасымен өз парақшасында бөліскен. Бұдан әрі мақтаулар легі Инстаграмның өзге пайдаланушылары тарапынан түсе бастаған. Бір байқағанымыз, олардың арасында бірде-бір жағымсыз пікір жоқ. 

 

Гүлмира Алякпарова

Соңғы жаңалықтар