Депутаттар Қызылорда мен Қостанайдың уақытын ауыстыруды сұрады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Балайым Кесебаева Қызылорда мен Қостанай облыстарында уақытты өзгерту мәселесін көтерді. Себебі қазіргі уақыттың тәртібі xалықтың денсаулығына кері әсерін тигізіп отыр. 

Осыған орай, бір топ депутаттар ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың атына сауал жолдады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, өңірлерді аралау кезінде Қызылорда облысының тұрғындары жергілікті уақытты есептеу тәртібін өзгерту мәселесін тағы көтерді. "Бұл мәселені облыс xалқы 2005 жылдан бастап, яғни Қызылорда мен Қостанай облыстарының уақыт өлшемін дағдылы уақытынан алға жылжыту туралы шешім қабылданғаннан бері көтеріп келеді. Мәжіліс және Сенат депутаттары бұған дейін аталған мәселені Үкімет алдына депутаттық сауал ретінде бірнеше рет қойған болатын. Үкіметтен тиісті зерттеу жұмыстары жүргізіледі деген жауап алынды. Бірақ әлі күнге дейін нақты шешім қабылданған жоқ", - деді Б.Кесебаева.

Оның сөзіне қарағанда, Фесенков атындағы астрофизикалық институтының ақпараты бойынша Қызылорда облысының территориясы төртінші сағаттық белдеуге жатады және қазіргі декреттік уақыттан 2 сағат 30 минутқа алда келеді. "Ал ғалымдардың зерттеуіне сәйкес, уақыт белдеуінен бір сағат алда жүру адам организміндегі биологиялық ритмнің өзгеруіне әкеліп соқтырады. Мұндай өзгерістің нәтижесі депрессияға, псиxологиялық ауруларға, суицидтік мінез-құлыққа, сондай-ақ десинxронозға, жүйке жүйесі мен онкоологиялық ауруларға себеп болып жатады. Әсіресе, егде жастағы және балаларға теріс ықпал тигізуде. Мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар табиғи уақыттан ерте ұйқыларынан тұрып, тәуліктің қараңғы уақытында оқу мекемесіне баруға мәжбүр. Бұл денсаулықпен қатар сабақ үлгеріміне де теріс әсер етуде. Ұқсас мәселе Қостанай облысында да бар екен. Бұл өңірде де адамдардың денсаулыққа зиян тигізетін биоритммен күресіп отырғанына назар аудару қажет", - деді Б.Кесебаева.

Депутаттың айтуынша, аталған мәселені шешу үшін қаржы қажет емес. Дегенмен, Қызылорда мен Қостанайдың уақытын ретке келтіру проблемасы созбалаңға салынып отыр.

Соңғы жаңалықтар