Депутаттар қатты қалдықтарды көмуге енгізілген тыйымды шегеруді ұсынуда

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәжілісмендер қоқысты іріктеу және оны қайта өңдеу инфрақұрылымы салынып бітпейінше, 2016 жылы қатты қалдықтарды көмуге енгізілген тыйымды 2019 жылға дейін шегеруді ұсынуда. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Құралай Қаракен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Экологиялық кодекстің кейбір нормаларын күшіне енгізу мерзімдерін біріздендіру керек. Бұл өңделмеген қатты қалдықтарды полигондарда көмуге салынған тыйымға қатысты нормалар», - деді депутат «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне экологиялық мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша жұмыс тобының отырысында.

Оның сөзінше, 2016 жылы 28 сәуірде Экологиялық кодекске өзгерістер енгізілген. Ол бойынша, алдын ала өңдеуден өтпеген қатты қалдықтар мен қоқыстарды арнайы полигондарда көмуге тыйым салынған.

«Өңделмеген қатты қалдықтарды көмуге тыйым салмас бұрын, қоқысты іріктейтін, жинайтын және өңдейтін арнайы инфрақұрылым болғаны дұрыс. Сондықтан біз осындай инфрақұрылымдарды құруға бағытталған нормаларды жасауымыз шарт. Сондықтан бұл екі нормалардың енгізілуі мерзім бойынша келісуі тиіс», - деді Қ. Қаракен.

Депутаттың сөзінше, ұсынылып отырған заң жобасы екі бағытта өзгертулер енгізуді көздейді. Түзетулердің бір бөлігі орта және шағын бизнес үшін әкімшілік кедергілерді азайту болса, келесі бөлігі қалдықтарды қолдану жөніндегі мәселелерді реттеуге бағытталған. 

Соңғы жаңалықтар