Депутаттар электр энергиясының бірден қымбаттауына алаңдаушылық білдірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттары сараланған тариф тоқтатылғаннан кейін электр энергиясының бірден қымбаттап кеткеніне алаңдаушылық білдірді. Аталған мәселеге байланысты мәжілісмендер ҚР Премьер-Министріне депутаттық сауал жолдап отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Парламент Мәжілісі Шакир Хахазов депутаттық сауалында Мәжілісте «ҚР-дағы электр энергиясы мәселелері бойынша кейбір заңнама актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралған кезді еске алды. Оның айтуынша, дәл сол тұста Энергетика министрлігі электр энергиясы тарифін төмендету мен энергия таратушы кәсіпорындарды қолдау бағытында заңнама нормаларына сәйкес барлық шаралар қолға алынатынын айтып, депутаттарды көндірген. Аталған заң жобасының алғашқы міндеті - аймақтық электржелілі компанияларды ірілендіру арқылы электрмен қамтудың сенімділігін арттырып,  электр энергиясының бағасын төмендету болған.

«Алайда іске келгенде бәрі керісінше болып шықты: 2017 жылдың 1 тамызында Энергетика министрлігі сараланған тарифті алып тастап, бұл жағдай электр энергиясының бірден қымбаттауына алып келді. Халыққа, ШОБ-қа бұрынғыдан көп ақша төлеуге тура келді. Құзырлы ведомство заңның нормалары мен талаптарына қарамастан, тарифтердің өсіміне жол беріп, электр желілерін күшейту бойынша жұмыс нәтижесін халыққа таныстырған жоқ», - дейді Ш.Хахазов.

Депутат, сонымен бірге, Энергетика министрлігінің 2019 жылы тариф арзандайды деген ақпаратына күмән келтірді. Ш.Хахазовтың айтуына қарағанда, Энергетика министрлігі халық пен депутаттарға берген уәдесін орындамақ түгілі, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап бүкіл республика бойынша электр энергиясын тағы 10 пайызға қымбаттатып жіберген. Хахазов мұндай қадам бизнес өкілдері мен қарапайым азаматтардың алаңдаушылығын туғызатынын атап өтті.

Осыған байланысты ҚХА депутаттары Премьер-Министрге депутаттық сауал жолдап, Энергетика министрлігін нақты осы мәселеде бірқатар шараларды қолға алуға міндеттеуді сұрап отыр.

Соңғы жаңалықтар