Депутаттар диқандарға берілетін дизель бағасын тағы төмендетуді ұсынды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Депутаттар көктемгі егіс жұмыстары үшін диқаншыларға арналған дизель отынының бағасын тағы 25-30 пайызға төмендетуді ұсынды. Бұл туралы Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері атынан Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа жолданған депутаттық сауалда айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біздің депутаттық сауалымыз ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің көктемгі егістік жұмыстары қарсаңында жанар-жағармай материалдары, атап айтқанда дизель отыны бағасының жыл сайын  өсуіне қатысты болып отыр. Мәселен, 2015 жылдан бері баға 1,9 есе өскен. Мысалы мұндай жағдай Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Қарағанды облыстарында өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы өнімдерінің едәуір қымбаттауына соқтырып, осы өңірлердегі көптеген ауыл шаруашылығы  өнімдерін өндірушілердің қаржылық жағдайын қиындата түсті», - деді Мәжілістің жалпы отырысында әріптестерінің атынан депутаттық сауалды оқыған Жексенбай Дүйсебаев.

Депутаттардың пайымынша, бұған ауыл шаруашылығы өнімдеріне жанар-жағармай  материалдарының жұмсалатын шығындарының үлесі 25 пайызға дейін жетуі себеп болуда.

"Мұндай жағдай еліміздің басқа  өңірлерінде де орын алып отыр. Атап айтқанда, қалыптасқан жағдай іс жүзінде ауыл  шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге  қабілеттілігін төмендетуде. Дегенмен ағымдағы жылы Үкімет көктемгі егіс жұмыстарын  жүргізу  үшін дизель отынының бағасын  өндірілетін зауыттан алғанда 1 литріне 130 теңге белгілеген. Ал өңірлерге жеткізілуін ескерсек, бұл баға орташа есеппен 150 теңгеге дейін көтеріледі", -деді Жексенбай Дүйсебаев.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге агротехникалық іс-шараларды уақытылы жүргізу, тұтастай алғанда ауыл шаруашылығы өнімінің ішкі және сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін  арттыру үшін бұл баға тиімсіз.

"Осыған байланысты белгіленген дизель отынының бағасын қайта қарап және оны 25-30  пайызға дейін төмендету туралы мәселені қарастыруыңызды сұраймыз», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар