Депутаттар ағылшын тілінде оқытатын мұғалімдердің даярлығына күмән келтірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2020 жылға дейін мектептерді ағылшын тілінде сабақ беретін мұғалімдермен қамту күмән тудырады. Бүгінгі Парламент Мәжілісінің отырысында «Нұр Отан» фракциясының депутаттары Үкімет басшысының атына осындай мазмұндағы сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Білім және ғылым министрлігі берген ақпарат бойынша еліміз үшін маңызды осы бағытта алға жылжу байқалады. Алайда бірқатар олқылықтар мен кемшіліктердің бар екені белгілі», - деді депутат Ерсұлтан Бектұрғанов.

Оның айтуынша, мәжілісмендер атқарылған жұмыстарды білу мақсатында уәкілетті органға 2 рет хат жолдап, қанағаттанарлық жауап ала алмаған.

«Сондықтан, бүгін сізге сауал жолдауға мәжбүр болып отырмыз. Атап айтқанда, мынадай ақпараттарды алғымыз келген. Бірінші - 2018-2020 жылдар аралығында жаратылыстану пәндерін ағылшын тілдерінде оқытылатын оқушылардың саны қанша, 2018-2020 жылдарға арналған нақты осы пәндерді оқыту бойынша сыныптардың саны қанша және білім беру жүйесі үшін мектептер қандай өлшем-шарттар бойынша іріктеледі? Келесі - жаңа білім жүйесі ауылдық мектептерде қалайша енгізілетін болады? Бесінші - үш тілдік білім берудің жол картасында белгіленген қалалар, аудандар және ауылдар бөлігінде айтылған пәндер бойынша ағылшын тілінде сабақ беретін қанша мұғалім керек екенін сұраған едік. Өкінішке орай тиісті жауап ала алмадық», - деді ол.

Осыған байланысты, мәжілісмендер мемлекеттік органда тиісті ақпараттар жоқ немесе сараптамалар жасалмады деген түйінге келген.

«Бүгінгі таңда кейбір мектептерде пәнді қазақ және орыс тілдерінде оқытатын мұғалімдер бойынша кадрлар тапшылығын ескерсек, 2020 жылға дейін республикамыздың барлық мектептерін ағылшын пәндерінде сабақ беретін мұғалімдермен қамту күмән туғызады. Оның үстіне, өңірлерге барған сапарларымызда сайлаушылармен кездесу барысында олардан осынау маңызды мәселе бойынша көптеген сұрақтар туындауда. Құрметті Бақытжан Әбдірұлы, уәкілетті органда Дамудың жол картасында белгіленген үштілдік білім беруге көшу және сауалда көрсетілген мәселелерді шешуге байланысты нақты тапсырмаларды беруді өтінеміз», - деп түйді Ерсұлтан Бектұрғанов.

Соңғы жаңалықтар