Депутат Жамалов биткойнды «спекуляцияның құралы» деп атады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламент Мәжілісінің бүгінгі пленарлық отырысында депутат Аманжан Жамалов ҚР Ұлттық төрағасы Данияр Ақышевтің атына сауал жолдады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанда криптовалюталар биржасы құрылып жатыр. Биткойндарды сататын автоматтар да орнатыла бастады. Алайда аталған қызмет ешқандай заңмен реттелмейді. Елімізде криптовалюталардың транзакцияларын реттейтін заңнама жоқ», - дейді Жамалов.

Оның айтуынша, бүгінде Жапония криптовалютаны ресми төлем құралы ретінде таныды. Оңтүстік Корея биткойнмен xалықаралық аударымдарды заңмен бекітіп, аталған криптовалютамен саудалайтын биржаны ашуды көздейді. Ресей болса, келесі жылда биткойн саудасын заңдастыруды жоспарлап отыр.

«Дегенмен, xалық пен бизнес биткойндар саудасымен айналысса, үлкен тәукелдер болады. Себебі криптовалютаның өзі ешқандай материалдық құндылыққа негізделмеген. Оны бірыңғай бақылау тетігі де жоқ. Мәселен, ағымдағы жылдың басында биткойнның курсы 1 мың доллар болған. Қазір оның құны 5 мыңға жақындап қалды. Маусымның басында 400 долларға төмендеген. Келесі күні 120 долларға өсті. Демек, биткойнның курсы тұрақсыз, оның құны спекулятивті режимде жасалады. Ертең онымен xалық айналысса, үлкен шығындарға тап болады. Ал ондай тәукелдерден қорғайтын заң жоқ», - деп атап көрсетті депутат Жамалов.

Осыған байланысты ол блокчейн мен криптовалюталар мәселесін үйлестіретін мемлекеттік органды анықтауды, сондай-ақ осы мәселені талқылауға арналған ведомствоаралық комиссияны құруды ұсынды.

Айта кетейік, отырыстың басында депутаттар Қазақстанның Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкіне мүше болуына байланысты бірқатар заңдарға өзгеріс енгізуді пысықтап шықты. Сондай-ақ, қару саудасы туралы шартты ратификациялау мәселесін қарады.

Соңғы жаңалықтар