Депутат тасқыннан зардап шеккендерге көмектесуге шақырды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскемендіктер тасқынның екінші толқынынан зардап шеккендерге көмек жинауды бастап кетті, деп хабарлайды ҚаАқпарат тілшісі. 

Облыс орталығында Меновное, Согра, Аблакетка, Бабкина Мельница, Шмелев лог, Ахмер елді мекендері мен Рабочая, Заводская көшелері қарғын судан қатты зардап шегуде. Осыған байланысты, «Нұр Отан» партиясының қалалық филиал төрағасының орынбасары Майраш Екібасова аталмыш аудан тұрғындарына көмек жинау туралы үндеу тастады.

«Бұл үндеу облыс орталығының қайырымды тұрғындарына арналады. Үйін су басқан тұрғындар біздің көмегімізге мұқтаж. Азық-түлік пен киім-кешек түріндегі гуманитарлық көмек  Киров көшесі, 68 үй мекенжайында орналасқан қалалық партия филиалында  жиналады.  Байланыс телефондары: 26-73-18, 8-777-993-34-13. Қабылдау қызметі сағат 9.00-18.00 аралығында жұмыс істейді» - дейді Майраш Екібасова.

Соңғы үш тәулікте таудан қалаға аққан судың көлемі 25 млн текше метрге жетті деген ресми дерек бар. Төтенше жағдай мамандары жайылған суды ауыздықтау үшін күшейтілген режімде жұмыс істеп жатыр.

Маховка өзенінің маңындағы үйлер әлі де болса қауіп өтінде тұр. Құтқарушылар өзеннің арнасын бекемдеуде. Согра ауданына да ондаған  техника мен мамандар жұмылдырылды. Оларға ұлттық гвардия жасақтары да қол үшін созуда.

Әуежай ауданындағы шағын  бұлақ та мінез көрсетіп, мердігер компаниялардың көмегімен  көшелерді тазалау жүріп жатыр. Ал Павлодар облысынан келетін көмекші топ Овечий ключ өзенін бөгеуге жұмылдырылмақ.

Тасқынның қарқын алғанына қарамастан, қаладағы жылу және су құбырлары, электр желілері ақаусыз жұмыс істеп тұр. 

Соңғы жаңалықтар