Депутат көп балалы отбасыға үй сатып алып берді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, «ЮНИСЕРВ» ЖШС бас директоры Нұрғазы Сәтбаев Қазталов ауданы Қарасу ауылдық округіне қарасты Жұлдыз ауылында тұратын көп балалы Ғұбашевтар отбасына жалпы ауданы 70 шаршы метр 3 бөлмелі үйді сатып алып берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Аудандық «Ауыл айнасы» газетінің тілшісі Қайрат Жақыптың мәлім еткеніндей, жеті бала (4 ұл, 3 қыз) тәрбиелеп отырған Дастан мен «Алтын алқа» иегері Гүлдәурен Ғұбашевтар 2000 жылдан бері екі бөлмелі, шағын үйде тұрып келген. Ауылдағы мектепте ғимарат күтушісі болып еңбек ететін Дастанның үй сатып алуға қаражаты болмаған. Осыған байланысты оның Орал қаласында тұратын әкесі Қайырғали Ғұбашев «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының қабылдау бөлмесінде облыстық мәслихат депутаты Нұрғазы Сәтбаевқа жолығып, көмек сұраған. Халық қалаулысы Ғұбашевтар тұрып жатқан үйдің жанынан қосымша 3 бөлмелі баспананы сатып алу үшін 600 мың теңге беріп, жомарттық танытқан.

3

Ғұбашевтардың қоныстойына «ЮНИСЕРВ» ЖШС қоғаммен байланыс жөніндегі менеджері Әлия Масалимова ортақтасып, ізгі тілегін жеткізді.

«Қарапайым ауыл тұрғындарының шаңырағында болып, ерекше сезімге бөлендім. Ғұбашевтар отбасы үй алуға жәрдемдескен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының қызметкерлері мен халық қалаулысына алғыстарын айтып жатыр. Бұл, әсіресе, Халықаралық балаларды қорғау күніне орай сол үйдің балалары үшін жасалған айрықша тарту болды. Енді олардың мектепте алаңсыз оқуларына жағдай бар. Жалпы, Нұрғазы Сәтбаев басшылық жасайтын «ЮНИСЕРВ» компаниясы қайырымдылық шараларына ұдайы қатысып келеді. Мысалы, Жеңіс күніне орай өткен жылы облыстағы 189, биыл 146 майдангердің әрқайсысына 20 мың теңгеден тарту жасады», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Әлия Масалимова.

Соңғы жаңалықтар