«Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы қайта қаралады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - «Денсаулық»  мемлекеттік бағдарламасы бір айдың ішінде жаңартылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында 2016-2019 жылдарға арналған аталған мемлекеттік бағдарламаның өткен жылғы қорытындысын шығарған ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жалпы мемлекеттік бағдарламаның 35 көрсеткішінің 30-ы орындалды, 5-еуі орындалған жоқ. Оның біреуі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу мерзімінің ауысуына  байланысты болды. Жалпы өлім, ана өлімі және басқа да көрсеткіштер бойынша жақсару байқалып отыр. Алайда, жоспарлы индикаторларға көптеген өңірде қол жеткізілмеді. Бұл республикалық мәнге әсер етті», - деді министр.

Мысалы, оның айтуынша, бірқатар өңірде мемлекеттік бағдарлама көрсеткіштері 20 пайыздан астамға қол жеткізілмеді. Атырау, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында 20 пайыздан астам  көрсеткіш орындалмаған.

«Осыған байланысты ағымдағы жылы министрлік мемлекеттік бағдарламаны сапалы орындауға  бағытталған шараларды қабылдауы қажет.  Біріншіден, Мемлекет басшысының Жолдауын орындау аясында бір ай мерзімде «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жаңартуымыз және мемлекеттік бағдарламаның өңірлік жоспарларын қайта қарауымыз қажет. Екіншіден, министрлік, сонымен қатар денсаулық сақтау саласындағы жаңарту жобасы бойынша өңірлік оқыту шараларын өткізу жоспарланып отыр», - деді Елжан Біртанов.

Соңғы жаңалықтар