Денсаулық бойынша сұрақтар жауапсыз қалмайды - ОҚО

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысындағы денсаулық сақтау саласы бойынша қосылған «Call орталығына» 6 мыңнан астам қоңырау келіп түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлемдік талаптарға жауап беретін жүйе бүгінде тұрғындарға да, мамандарға да тиімділігін көрсеткен.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Айгүл Иманалинаның айтуынша, 2015 жылы клиникалық аурухана базасында іске қосылған бірегей орталық енді тиісті басқармаға көшірілді.

Әлеуметтік маңызы бар жоба  тұрғындардың медициналық көмек бойынша сұрақтарын, өтінімдерін қабылдап, тіркеп, қажетті мекемелерге үлестіру мақсатында қолға алынған.

Жедел желі бір мезетте 3 телефон қоңырауын қабылдай алады. Әрі барлық әңгімелер жазылып, сараптамадан өтеді. Қойылған сұрақтар жауапсыз қалмай, сауалдарға медициналық білімі бар дәрігер-сарапшы, әкімгер, психолог және операторлар түбегейлі жауап береді.

«Шағымданушы өзінің ЖСН нөмірін айтады. Сол арқылы оператор азамат туралы барлық анықтаманы жүйеден біле қояды. Сөйтіп, тіркелген жері бойынша дәрігерлерге хабарласады. Орталық өңірдегі барлық медициналық ұйымдармен тығыз байланыс орнатқан»,- дейді Айгүл Иманалина.

Сала маманының сөзінше, «Call- орталық» арқылы өтінім беру қоғамды қағазбастылықтан арылтып отыр. Әзірге  орталыққа ең көп қоңырау Түркістан қаласы мен Сарыағаш, Мақтарал аудандарынан келіп түседі. Оның себебін дәрігерлер халық санының көп болуымен түсіндіреді.

Соңғы жаңалықтар