Делиде Қазақстан мен Үндістан іскерлік кеңесінің отырысы өтті

None
None
БЕЙЖІҢ-ДЕЛИ. ҚазАқпарат - Делиде Қазақстан-Үндістан іскерлік кеңесінің 2-ші отырысы өтті, деп хабарлайды Қытайдағы «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.

Аталған шара Қазақстан және Үндістан елшіліктерінің ұйытқы болуымен және екі елдің Сыртқы сауда палаталарының ұйымдастыруымен қолға алынған. Жиынға Қазақстанның 30 компаниясы қатысты. «Tengri Bank» АҚ, «Қазақстан Темiр Жолы» АҚ, «ИНТЕРТИЧ» Денсаулық сақтау және Медициналық Сақтандыру Корпорациясы», «Эйр Астана» әуе компаниясы, «Zaman Group» компаниялар тобы, «PRIME GROUP Managing Company LLP», «Атамекен», «Santo Member of Polpharma Group» сияқты көптеген компаниялар қатысты.

Үндістан жағынан 100-ден астам компания қатысты. Олардың арасында «GMR Group», «TATA Projects Ltd.», «Artemis Hospitals», «Mahindra & Mahindra Ltd», «Air India», «Chandan Steel Group», «Multiwyn Industries Pvt. Ltd», «Escorts Limited», «Sonalika International Tractors Ltd.», «RELIANCE», «CAPEXIL» сияқты қазақстандық әріптестерімен серіктестік орнатуға дайын  көптеген компаниялар бар.

Жиында үндістандық іскерлік кеңес атынан «RRB Energy Limited» төрағасы Ракеш Бакаши, ҮР-дағы ҚР Елшісі Болат Сәрсенбаев, «Tengri Bank» басқарма төрағасы Ержан Шайкенов, және Үндістандағы сыртқы істер министрлігінің өкілі Годавартхи Венката Сринивас сөз сөйледі.

 «KAZAKH INVEST «ҰҚ» АҚ басқарушы директоры Жандос Оразалиев Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері туралы таныстырылым өткізді. Үндістандық кәсіпкерлер өздерінің кәсіпкерлік тақырыптағы дүниелерін қатысушыларға ұсынды.

Жиын аясында В2В форматында келіссөздер жасалып, ек ел арасында бірнеше бастапқы келісімдер жасалды. Олардың қатарында Қазақстандағы ауыл шаруашылығы, құрылыс және трактор техникасын жасау сияқты жобалар бар. Қарағанды және Маңғыстау облыстарындағы энергетикалық жобалар, «Қазақстан Темiр Жолы» АҚ жүк терминалын салу сияқты көптеген жоспарлар қарастырылды.

Іскерлік кеңестің қорытындысына сәйкес Қазақстан мен Үндістан аарасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық бойынша жаңартылған Жол картасы қабылданды. Алғашқы Жол картасы екі елдің премьер-министрлерінің қатысуымен 2015 жылдың шілдесінде қабылданған болатын.

Іскерлік кеңестің 3-ші отырысы 2019 жылы Қазақстанда өтеді деп жоспарланды.

Соңғы жаңалықтар