Де Мистура: Астана процесі Сириядағы зорлық-зомбылықты төмендетуге ықпал етті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы келіссөздер процесі Сириядағы зорлық-зомбылық деңгейін айтарлықтай төмендетуге ықпал етті. Бұл туралы бейсенбі күні БҰҰ штаб-пәтерінде Сирия мәселесі бойынша өткен жоғары деңгейдегі кездесуде БҰҰ Бас хатшысының Сирия жөніндегі Арнайы елшісі Стаффан де Мистура мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

«Астанадағы келіссөздер процесінің маңызды нәтижесі болды - Сирияның бірқатар аудандарында зорлық-зомбылық деңгейі айтарлықтай төмендеді. Көптеген өмірлер сақталып қалды, территорияны ДАИШ-тің (Қазақстан және өзге де бірқатар елдер аумағында тыйым салынған ұйым) қатыгез басқаруынан азат ету толығымен дерлік аяқталды»,- деді де Мистура.

БҰҰ эмиссары атап өткендей, «ДАИШ-ті талқандау - процестің басы ғана, себебі Сириядағы жанжал жан-жақты қамтылған саяси реттеуді қажет етеді».

«Астанадағы келіссөздер процесі алға қойылған мақсатына сәтті әрі толығымен дерлік жеткеннен кейін, әскери деэскалацияға қатысты айтсақ, бізге саяси реттеуге қол жеткізуге ұмтылу қажет. Бұл Женевадағы келіссөздерге қайта оралуды білдіреді», - деді ол.

Айта кетейік, 15 қыркүйек күні Астанада Сириядағы ахуалды реттеу бойынша халықаралық келіссөздердің кезекті 6-шы раунды өтті.

«Келіссөздерге қатысқан жоғары лауазымды делегациялар Астана платформасында осыған дейін қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалу барысын талқылап, Сириядағы дағдарысты реттеу бойынша  өзара іс-қимылды кеңейту жолдарын қарастырды», - деп атап өтті ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов келіссөздердің қорытындысына арналған брифингте.

Астана процесінің 6-шы раундының қорытындысына орай кепілгер елдер қабылдаған бірлескен мәлімдемеге сәйкес, Сирияда 4 қауіпсіз аймақ құрылды . «2017 жылдың 4 мамырындағы Сирия Араб Республикасында деэскалация аумағын құру туралы меморандумның жүзеге асырылу барысына қанағаттанушылық танытамыз. 2017 жылдың 4 мамырындағы меморандумға сәйкес дэскалация аймағының Шығыс Гутта, Хомс өлкесі солтүстігінің белгілі бір бөліктерінде, Идлиб өлкесінде және көршілес өлкелердегі жекелеген аудандарда құрылғанын хабарлаймыз», - делінген ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов оқып берген  бірлескен мәлімдемеде. Құжатта дэскалация аймағының және қауіпсіз белдеудің құрылуы  уақытша шара екендігі және оның алты айға созылып, кепілгер елдердің ортақ мәмілеге келуімен автоматты түрде ұзартылатындығы айтылған.

 

Соңғы жаңалықтар