Дәурен Абаев президенттердің телефон арқылы сөйлесуін ұйымдастырудың мән-жайын айтып берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында қонақ болған ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамптың телефон арқылы әңгімелесуінің маңыздылығы жайында айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Министр өз сөзінде биыл елімізде саяси, экономикалық, мәдени және басқа да салаларда өте маңызды шаралар өткенін айта келе, «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамптың телефон арқылы сөйлесуі де қоғамдастық назарында болды. Күнделікті өмірде адамдар өз шаруасымен тәулігіне ондаған мәрте емін-еркін телефон шалып, мәселесін шешіп жатады. Ал мемлекет басшылары арасында телефон арқылы байланысқа шығу - ол бір толыққанды кездесу өткізгенмен тең. Себебі президенттер деңгейінде осындай әңгімелесу барысында көптеген маңызды тақырыптар қамтылады», - деді Д. Абаев.

Осы орайда министр мемлекет басшылары телефон арқылы пікір алмасу өткізер алдында екі елдің сыртқы саяси ведомстволары мәселелерді өзара пысықтайтынын, бұл шаралар президенттер жұмысының кестесіне енгізілетінін атап өтті.

«Вашингтон мен Астана арасында 12 сағаттық айырмашылық бар. Сондықтан телефон арқылы байланыстың датасы мен уақытын синхрондау  - ол өте ауқымды ұйымдастырушылық жұмысты талап етеді», - деді ведомство басшысы.

Телефон арқылы сөйлесуге АҚШ жағы бастамашы болғанына тоқталған Д. Абаев, бұл өз кезегінде өте маңызды ниеттестікті білдіретінін сөз етті.

«Екі ел мемлекет басшыларының бұл әңгімесі «ЭКСПО-2017» көрмесіне АҚШ-тың президенттік делегациясы келгеннен кейін өтті. Осының аясында ұйымдастырылған кездесулерден туындаған әсерден кейін президенттер телефон арқылы сөйлесті. Осы орайда бірқатар мәселелер өзара байланысып жатыр. Дональд Трамптың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты Вашингтонға ресми сапармен келуге шақыруы да өте жақсы белгі деп білемін», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, қыркүйек айының басында  Нұрсұлтан Назарбаев Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлесті. Әңгімелесу барысында Дональд Трамп Қазақстан Президентін Астанадағы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің табысты өтуімен құттықтап, Америка делегациясының осы іс-шараға қатысу нәтижелерін жоғары бағалады. 

Естеріңізге сала кетейік, биыл тамыздың аяғында АҚШ-тың президенттік делегациясы «ЭКСПО-2017» көрмесіне келген болатын.  

Соңғы жаңалықтар