Дәурен Абаев электронды цифрлық қолтаңбадан бас тартуды ұсынды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» жобасының эфирінде ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев электронды цифрлық қолтаңбадан бас тартып, біржолғы құпиясөзге көшуді ұсынды. 

«Электронды цифрлық қолтаңбаны біз 10 жыл бұрын енгіздік, ол кезде ЭЦҚ сол уақыттың талабына сай болды. Ал қазір біржолғы құпиясөз енгізу тәртібін ұсынып отырмыз. Кез келген адам біржолғы құпиясөз арқылы кіріп, транзакцияны орындап, қайта шығып кете алады. Келесі жолы телефонына жаңа құпиясөз келеді. Жүйе біршама жеңілдейді», - деп атап өтті Д. Абаев.

Сонымен қатар, министр мемлекеттік қызметтерді алу бойынша біржолғы құпиясөзді пайдалану тәжірибесі әлемнің көптеген елдерінде қолданылып келе жатқандығын атап өтті.

2019 жылы Қазақстанда цифрлық эфирлік телерадио хабарларын тарату жоспарланып отыр. Ол үшін 827 радиотелевизия стансаларын салу қажет. Мұны бүкіл ел бойынша бір уақытта жүзеге асыру керек. Бүгінгі таңда мұндай стансалардың 700-ден астамы орнатылды. Бұл жұмысты екі жыл ішінде аяқтау жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, министрдің айтуынша, Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған жоба шығарылады. Жыл сайын 31 мамыр күні Қазақстанда Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні атап өтіледі. Дәурен Абаев қазақстандықтар бұл күнді ұмытпауы керек деп атап өтті. Оның айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдары бұл тақырыпқа баса назар аударып, қазақ халқының тарихындағы қасірет жайлы ақпарат кеңінен насихатталуы керек.

«Біз National Digital History-де  саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған үлкен жобаны шығарғалы отырмыз», - деді Дәурен Абаев .

Соңғы жаңалықтар